- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бүкіл табысымды жолдасыма...
"Бүкіл табысымды жолдасыма беремін". Шөкеев пен Оразалиннің халық талқылаған мәлімдемелері
Бүгін Өмірзақ Шөкеев пен Оңдасын Оразалин қызметінен кетті. Бірі Түркістан, екіншісі Ақтөбе облысын басқарған кезде түрлі мәлімдемелері есте қалған. Massaget.kz тілшісі Шөкеев пен Оразалиннің есте қалған мәлімдемелерін жинады.
"Жалақыма келер болсақ"
Былтыр брифинг барысында журналистер Өмірзақ Шөкеевке жалақысына қатысты сұрақ қойған.
"Түркістан облысы ең төменгі жалақы алатын өңірлер рейтингінде - 181 мың теңге. Түркістан облысы жұмыссыз өңірлер қатарында. Жақында жалақыңыз белгілі болды - 1 миллион 800 мың теңге. Әкімдердің жалақысы мен тұрғындары арасында үлкен айырмашылық бар ма" - деп сұраған еді журналист.
Фото: gov.kz
Шөкеев Түркістан облысын ең кедей деп айту дұрыс емес екенін мәлімдеген. Себебі ол тек статистика екенін алға тартқан еді.
"Менің жалақыма келер болсақ, бұл Үкіметтің қаулысымен реттеледі. Алгоритм бар. Жалақыны жоғары тұрған орган белгілейді және барлық әкім қанша жалақы алатынын шын айтып берді", - деді Шөкеев.
"Түсініксіз хайп"
Былтыр Қазнеттегілер "Керуен-сарай" салынған құрылыс материалына қатысты да дау шығарған. Блогерлер жариялаған видеода пенопластты көруге болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Кейде таңғаламын, кей блогер кішкентай бала сияқты бір нәрсе көреді де, соны бірден барлық желіге таратып жібереді, бірақ сонымен бірге, олар біліксіздігін де таратады.
"Шын мәнінде, бұл "Керуен Сарайдың" ұзындығы бір шақырымға жуық. Мен мұнда күн сайын жүрдім, оның бәрі темірбетоннан, арматурадан тұрады, бұл өңірдегі сейсмикалық қауіп аз болса да, мұнда бәрі артығымен салынған. Әр түрлі әрлеу материалдары, қабырға материалдары қолданылады. Ол көріп, бүкіл "Керуен-сарай" осыдан тұрғызылған деп болжаған материал - бұл қарапайым материал. Егер ол құрылыстан бірдеңе түсінсе, бұлай жазбас еді", - деп жауап берген еді сол кездегі әкім.
Сол кезде ол бізді қоршап тұрған заттың бәрі пластмассадан жасалады деген еді.
"Міне, сіз отырған орындық пластмассадан жасалған, қалам - пластмасса, микрофон - пластмасса, iPhone корпусы да осы материалдан жасалады. Жоқ жерден "түсініксіз хайп" шықты", - деді әкім.
"Таңғы 5-те тұру керек"
Шөкеев тағы бір мәлімдемесінде қоластындағыларды таңғы 5-те оянуға шақырған еді. Апта сайынғы кеңесте аймақ басшысы көшеттерді баптауды қадағалауы тиіс шенеуніктердің жұмысын қатаң сынға алды. Ол ағаштар өсуіне алаңдап, жауаптыларды көшеттерді күтіп ұстаудың маңызын ұмытпауға шақырған.
"Таңғы сағат 5-те тұрып, жұмыс киімін киіп, барлық нысанды аралап шығу керек. Әр аудан өз саласына жауапты болсын. Көшет отырғызудан бастап, мезгіл-мезгіл түбін қопсытып, суару керек. Суаруды қажет ететін жасыл екпелер алыстан көрінеді, суармасақ, каналдар не үшін керек?" - деді сол кездегі облыс әкімі.
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мені де ұстағыңыз келе ме?"
Бірде журналистер Өмірзақ Шөкеевтен Түркістанда түскі ас қанша тұратынын сұраған.
"Сіз де Бауыржан Қыдырғалиұлы (Бауыржан Байбек - авт.) сияқты мені ұстағыңыз келе ме? Әртүрлі, бәрі сіздің тәбетіңізге байланысты. Түскі асты 600 теңгеге де, 2 мыңға да ішуге болады. Бірақ, Түркістанда қымбат деп ешкім наразы болып жатқан жоқ. Басқа өңірлермен салыстырғанда өте арзан", - деп жауап берді Өмірзақ Шөкеев.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Шөкеевтің айтып тұрғаны - Алматы экс-әкімі Бауыржан Байбектің мәлімдемесі еді. Ол оңтүстік астанада 500 теңгеге түскі ас ішуге болатынын айтқан еді.
"Бүкіл табысымды жолдасыма беремін"
Ал Ақтөбе облысының ендігі экс-әкімі биыл сәуірде отбасы азық-түлікке қанша жұмсайтынын айта алмаған еді. КТК телеарнасының мәліметінше, Ақтөбеде әйелдер өңірдегі қымбатшылыққа байланысты әкімнің алдына жиналған. Олар шай, май, қант, макарон, картоп арзандауын сұраған.
Бірақ өңір басшысы телеарнаға берген сұхбатында Ақтөбеде азық-түлік қанша екенін айта алмады.
"Өзімнің бүкіл табысымды жолдасыма беріп қоямын. Сол банк картасын пайдаланатын да сол кісі", - деді Оразалин.
Әкім азық-түлік қымбаттап жатқанын мойындаған, тек сырттан келетін көкөніс, қант пен майдың құнын тұрақтандыра алмай отырғанын айтқан.
"Перғауын заманынан бері билікті ешкім ұнатпайды"
Оңдасын Оразалин бірде өзіне айтылатын сынға қалай қарайтынын айтып берді.
"Әрине, мен бұқара алдына жиі шығатын адаммын. Барлық жаман нәрсе, әрине, бірінші басшымен байланысты болады. Сенсеңіз, перғауын заманынан бері ешкім билікті ұнатпайды. Бұрын Брежнев заманында да ас үйде отырып, сынау болған. Рас, қазір сынға ұшырағандар Брежнев кезеңдерін ностальгиямен еске алады", - деді Ақтөбе облысының әкімі.
Ол кез келген уақытта және қоғамда әрқашан билікті жамандайтын адамдар болатынын айтты.
Құлқы болмаған
КТК телеарнасының мәліметінше, биыл қаңтардағы митинг кезінде Оңдасын Оразалиннің наразы топпен кездесуге құлқы болмаған. Есесіне, Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровты шеруге шыққандармен жүздесуге жұмсағанын айтқан.
Ақтөбе облысының басшысы осы қызметке тағайындалған үш жыл ішінде өтініш айта келген наразы топтың бірде-бірін қабылдамаған екен. Мұны әкім былай түсіндірді.
"Мен үш жылдан бері, осы жерге келгеннен бері, өздерің көрген шығарсыңдар, бірде-бір осындай заңсыз әрекетке барып, шыққан жоқпын. Түсініктеме берген де жоқпын. Бұл менің ұстанған қағидатым дедім ғой. Мына заңсыз әрекетке жиналған, заңсыз талап қойғандармен бәрі де заңға қайшы келіп, талаптары мемлекетті құлату деген. Сонда мен сол жерге шығып уәде беруім керек пе?", - дейді Ақтөбе облысының әкімі.
"Құдай сақтады ма, ата-бабаның аруағы ма..."
Сол Қаңтар оқиғасы кезінде наразы топ әкімнің кабинетіне кірмепті. Тіпті бүлікшілер табалдырығынан да аттамапты. Мұны әкім тылсым күшке балап отыр.
"Біріншіден, менің ойымша, Құдай сақтады ма, ата-бабаның аруағы ма, иә, іштей білетін адамдар сескенді ме, бірақ табалдырығынан аттаған жоқ. Әкімнің кабинеті қандай да бір Жаратушының арқасында аман қалды. Қанша дегенмен, билік киелі дүние ғой", - дегенін ел талқылаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш