- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Лаоста кепілге алынған...
Лаоста кепілге алынған қазақстандық Анель Бермағанбетова босатылды
Жұмысқа орналастырамыз деген халықаралық алаяқтардың құрбаны болған Анель Бермағанбетова босатылды. Бұл туралы қыздың ағасы Қанат Бермағанбетов мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Анельдің босатылғаны туралы ақпаратты растады.
Ағасының айтуынша, енді Анельдің бостандығы мен өміріне қауіп жоқ. Оны отбасы үйінде күтіп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Жақсы жаңалықты бөлісейін деп едім. Анель қазір менің досыммен Чандрадан Бангкокқа ұшып шықты, сол жерден Қазақстанға ұшады. Бірақ оны босату үшін өте көп күш жұмылдырылды: Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президенті аппараты.
Одан кейін Интерпол, Ресейдің Лаостағы елшілігі, Вьетнамдағы Қазақстан елшілігі байланысқа шықты. Осы күштердің бәрінің іс-әрекетін үйлестіру мүмкін болды. Анельдің деректері Лаос үкіметі, Лаостың адам саудасымен күрес департаменті және басқа ұйымдарға берілді", - деді Анельдің ағасы.
Қанаттың айтуынша, барлық қызмет барынша жылдам жұмыс істеді.
"Кешегі күнге дейін барлық сәттер пысықталды. Кеше, 25 тамызда Анельді полиция бөлімшесіне шақырып, оны шекараға жеткізетінін хабарлады (жұмыс берушілер - еск.). Бірақ біз 5 мың доллар шығынды төлеуіміз керек. Шешім қабылдауға бірнеше секундым болды. Келістім, өйткені қарындасымды сол жерден тезірек құтқару керек екенін түсіндім. Ақшаны криптовалютамен аудару керек еді", - деді Бермағанбетов.
Қарындасының төлқұжатына мөр қойылғаннан кейін, Қанат қажет соманы "жұмыс берушілердің" криптовалюта әмиянына аударған.
"Анельді қайыққа отырғызды, ол Таиланд шекарасына аман-есен жетті. Төлқұжат бақылауынан өтті. Онда оны досым Влад күтіп алды. Енді біз Анельдің үйге оралуын асыға күтеміз", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек