- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жатақханаға көшкенде 1-курс...
Жатақханаға көшкенде 1-курс студентіне не керек? Ең қажет заттар тізімі
Мемлекеттік грант иегерлері анықталып, енді студенттер оқуға кірісуіне бес күн ғана қалды. Басқа қалаға оқуға түскен алыс аймақтан келетін студенттердің басым көпшілігі жатақханаға орналасуды құп көреді. Жаңа қалаға келген бозбала мен бойжеткен үшін бұл - ең дұрыс шешім. Өйткені ол - көпшілікпен бірге тұрып үйренуге, оң-солын тануға көмектесетін таптырмас орын. Осы орайда Massaget.kz студенттерге жатақханада қажет болатын заттар тізімін ұсынады.
№1 Техникалық құрал-жабдықтар
Жатақхана бөлмелерінде кейде 3-4 ток көзі болуы мүмкін. Әдетте телефон немесе ноутбукті қуаттауға орын жетпей қалып жатады. Сондықтан өзіңізбен ұзартқыш ала барған артық етпейді.
Сурет: pixabay
Әр университеттің жатақханасы әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен көпшілігінде үстел шамы бола бермейді. Кейбіреулер түнде қараңғыда ұйықтағанды жөн көреді. Көршілеріңізге түнде ыңғайсыздық тудырмау үшін үстел шамын пайдаланғаныңыз жөн.
Сурет: pixabay
Жатақханада қажет болатын техникалық құралдар қатарында үтік пен тефаль да бар. Сабаққа асыққанда, әр бөлменің өзінде үтік болса, уақытыңызды үнемдеп, тез дайындала аласыз. Жатақханаларда ас бөлме болады. Бірақ кейде шәй, кофе ішкіңіз келсе, тефаль болса, артық етпейді. Алайда мұндай құралдарды аса сақтықпен пайдалану қажет. Сіз жалғыз тұрмайтыныңызды, өзіңізден бөлек бірнеше адам осы бөлмеде тұратынын ескеріңіз. Сонымен қатар, жатақханада бұл жабдықтарға рұқсат етілген-етілмегенін алдын ала біліп алуға кеңес береміз.
Сурет: pixabay
Сондай-ақ, айна, қыздар жағына қажет болатын шаш кептіргіш және шаш түзулейтін, бұйралайтын құралдарды апара алады.
№2 Төсек-жабдық
Кез келген жатақханада диван, үстел, орындық секілді ең қажет жиһаздар болады. Бірақ өзіңізбен бірге төсек жабдығын алған дұрыс. Ауыстырып тұру үшін екі дана алған артық етпейді. Сондай-ақ, жамылғы, орамал, үйге киюге арналған аяқкиім секілді заттар да жатақханаға ең керек заттардың қатарында бар.
Сурет: the-village.me
№5 Бөлмеге арналған жабдықтар
Бөлмеге орналасқаннан кейін оны тазалауға арналған сүлгі, шелек, арнайы үй тазалайтын сұйықтықтарды ұмытпаған дұрыс. Сондай-ақ, тамақ әзірлеуге, тамақ ішуге арналған ыдыс-аяқ ала барған дұрыс. Әркімнің өзінің ыдыс-аяғы болуы гигиенаны сақтауға көмектеседі.
Бөлмедегі көршілеріңізбен әлі кеңеспесеңіз, сіздерге ең қажет болар ыдыстар: орташа мөлшердегі қазан, шәйнек, кесе, ас және шәй қасықтар, шанышқы, пышақ, тақта, үккіш, екі табақ (терең табақ немесе сорпаға арналған ыдыс), контейнерлер.
Сурет: roscontrol.com
№6 Жеке гигиенаға арналған заттар
Гигиеналық құралдар әр адамның жеке қажетіне қарай жинақталатыны түсінікті. Алайда көпшілікке қажет заттар тізіміне мыналар жатады: сусабын, сабын, крем, тіс щеткасы, тіс пастасы, арнайы сөмке, шомылуға арналған халат, ысқыш.
Киім-кешек те әркімнің жеке қалауы екені белгілі. Бірақ жатақханаға ыңғайлы болатын үй киімдерін көбірек алуды ұмытпаңыз. Сондай-ақ, "бәрі керектей" көрінгенге барлық затты алыс жаққа тасудың қажеті жоқ. Ең керек дегендерді алсаңыз, артық жүк болмайды әрі бөлмеңіз де, заттарыңыз да жинақы тұрады.
Келесі мақалада студенттердің алғашқы шәкіртақысын бір айға жеткізуге көмектесетін лайфхактарды ұсынамыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова