- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мойзесті оқыдың ба?"...
"Мойзесті оқыдың ба?" Бекболат Тілеухан айтқан екі кітап не туралы?
Бекболат Тілеухан таяудағы сұхбаты барысында журналист Нартай Аралбайұлынан "Конец власти" мен "Окна Овертона" кітаптарын оқыдың ба" деп сұрайды. Қазнет қолданушылары бұл кітаптарды оқымағанын айтып жатыр. Massaget.kz тілшісі осы екі кітап не туралы екенін баяндайды.
"Конец власти"
Бекболат Тілеухан айтқан алғашқы кітап - "Конец власти". Түпнұсқа атауы - The End of Power, "Билік соңы" деп аударуға болады.
Оның авторы - Наим Мойзес. Кітап 2013 жылы жарық көрген, орыс тіліне 2016 жылы аударылыпты.
Наим Мойзес - белгілі венесуэлалық журналист және саясаттанушы, Франция, Италия, Аргентина және Венесуэла ордендерінің иегері. Бұрын өз елінде сауда және өнеркәсіп министрі, Венесуэла Орталық банкінің директоры және Дүниежүзілік банктің атқарушы директоры болған. 14 жыл бойы ол Foreign Policy журналын басқарды, 2011 жылдан бастап әлемдік саясаттағы ең өзекті оқиғаларға арналған апталық Naim Effect журналын жүргізеді.
Енді "Конец власти" кітабына тоқталсақ. Кітап билікке жетудің, пайдаланудың және оны жоғалтудың дәстүрлі емес әдістерін, оның түпнұсқа және дәлелді талдауын ұсынады. Онда биліктің өзгеруі біздің күнделікті өмірімізге қалай әсер ететінін түсіндіреді. Наим бұл кітапта барлық көшбасшы - саясатта, бизнесте, әскерде, дінде - бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күшті болғанымен, қиын мәселелермен бетпе-бет келе жатқанын айтады.
Миллиардер Марк Цукерберг 2015 жылдың кітабы тізімінде "Конец власти" туындысын бірінші орынға қойған. Financial Times және The Washington Post 2013 жылдың ең үздік кітабы деп осы "Конец власти" кітабын атаған.
"Окно Овертона"
Бекболат Тілеухан айтқан екінші кітап - саяси триллер "Окно Овертона". Кітаптың түпнұсқа атауы - The Overton Window, қазақшаласақ "Овертон терезесі" болады. Авторы - Гленн Бек. Саясат саласындағы тележүргізуші, бірнеше жылдан бері бүкілұлттық жаңалықтар бағдарламасын жүргізеді. Сонымен қатар, ол - шығармашыл жазушы, кітаптары бірнеше рет бестселлер тізімінде бірінші орынға шыққан.
Оның The Overton Window кітабы 2010 жылы 15 маусымда шығып, бірден бестселлерге айналды, қыркүйекке дейін сатылым көшбасшысы болып тұрған.
Саяси триллердің сюжеті мынадай: кітаптың басты кейіпкері - Ной Гарднер, ол саясатқа мүлде қызықпайды, қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы болып жұмыс істейді. Ол Молли Росспен танысады, әйел "Біз білетін Америка Құрама Штаттары таяу арада жоқ болады" деген ақпаратқа қатты сенеді. Бірақ Гарднер оны қастандық теориясы деп ойлайды да, әйелге сенбейді. Дегенмен, АҚШ-қа жасалған шабуылдан кейін ол бұл қастандықты кімдер жасағанын анықтау үшін еңбек етеді.
2013 жылы кітаптың Eye of Moloch деп аталатын сиквелі жарияланған.
Е. Төлеш