- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Аталарымыз білген ғой"....
"Аталарымыз білген ғой". Малдас құрып отырудың пайдасы бар ма?
Қазақ халқының отыру әдебінен бір ерекшелікті байқауға болады. Ол - малдас құру. Massaget.kz тілшісі малдас құрып отыру денсаулыққа қаншалық пайдалы екенін білу мақсатында 20 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты невролог Гүлзат Досқарамен сұхбаттасты.
"Малдас құрып отыру" тіркесінің мәні қандай?
Жамал Манкеева, Әлімхан Жүнісбек сынды ғалымдар құрастырған "Қазақ әдеби тілінің сөздігіне" сүйенсек, малдас құру тізені ашайта бүгіп, аяғын айқастыра, астына алып отыру дегенді білдіреді.
Невролог не дейді?
"Аталарымыз білген ғой" деген түсінік қаншалықты рас? Малдас құрып отырудың пайдасы бар ма? Ұзақ жылдық тәжірибесі бар маман Гүлзат Жеңісбекқызының сөзінше, расында да бұлай отыру денсаулыққа айтарлықтай оң әсер етеді.
"Малдас құрып отыру ата-бабамыздан қалған, бұрыннан келе жатыр. Малдас құрып отыру кезінде ең алдымен ми және мидың бөліктері дем алады, сонымен қатар, жұлын, мойын, кеуде, беломыртқа, сегізкөз, құйымшаққа да керемет әсері бар. Себебі ағзамыз босаңсып, тыныс алған кезде сәйкесінше ішкі мүшелеріміз де босаңсиды", - дейді маман.
Малдас құрып отыру әдетте ер адамдарға тән. Алайда маман бұл әдіс әйел адамдардың жыныс мүшелеріне де оң ықпал ететінін айтты.
"Малдас құрып отырғанда, әсіресе, кіші жамбас қуысындағы бұлшықеттер, қуық қызметі, әйел адамның жыныс мүшелері және ер адамның жыныс мүшелерінің қан айналымы жақсарады", - дейді Гүлзат Досқара.
Гүлзат Жеңісбекқызы малдас құрып отыру белгілі бір аурулардың алдын алуда көмектесетінін еске салды.
"Бұл отырыс мойын, кеуде, беломыртқа ауруларын, яғни остеохондроз, люмбалгия, омыртқа жарығы секілді аурулардың алдын алады. Сондай-ақ, ауру сезімін бәсеңдетіп, қысылып қалған жүйке талшықтарын босаңсытады", - дейді дәрігер.
Ежелгі Үндістанда бастау алған йога терапиясында да малдас құрып отырғанға ұқсас қимыл бар.
Сурет: republika.ru
Ж. Қадыржанова"Күніне 2-3 мәрте немесе одан да көп малдас құрып отырып, денеңізді жаттықтырсаңыз кез келген аурудың алдын алуға болады. Тіпті йога терапиясында малдас құрып отыруды бірінші орынға қояды, себебі ми демалады, тыныс алу жолдарының қызметі жақсарады", - дейді ол.