Қасақана өртеді: әскери қызметші Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа кінәлілерді атады

Қасақана өртеді: әскери қызметші Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа кінәлілерді атады

Таразда 17 адамның өмірін қиған әскери бөлімдегі жарылыс туралы жаңа мәліметтер белгілі болды. Әскери бөлімде уақытша командирдің міндетін атқарған азамат жарылысқа әкеп соғуы мүмкін проблемалар туралы айтып, кінәлілерді атады. Жәбірленушіден айыпталушыға айналған ер адам барлығын ашық айтуды жөн санапты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Арада бір жыл өтсе де оқиғаның мән-жайы жұмбақ күйде.

35 жастағы әскери қызметші Аслан Бақытжанов қайғылы оқиға кезінде бөлімше бастығының міндетін атқарушы болғанын, жұмыс барысында өрт сөндіру құралдары жұмыс істемейтінін, кадр тапшылығын айтып басшылыққа 8 рет шағым жазғанын мәлімдеді. Құрылғылар жұмыс істемейтінін министрлік те, әскери прокуратура да білген.

"Егер мен жіберген өтініштердің барлығы дер кезінде орындалса, мұндай өрт болмас еді", - дейді Аслан Бақытжанов.

Әскери қызметшінің айтуынша, қайғылы оқиға болған күні бөлімшеде өрт хабарлағыштары жұмыс істемеген. Қойма терезелерінен шыққан қою қара түтінді қарауылдар ғана байқаған.

Енді Асланға "жұмысқа салғырттық танытты, оқ-дәрімен жұмыс істеу ережесін бұзды" деген айып тағылып отыр. Онымен бірге бұл іске тағы бес адамның қатысы бар екені, оның екеуі әскер қатарына шақырылғандар, олар қоймалардың біріне жанып жатқан шүберек лақтырған деген болжам бар.

"Осы қойманы өртегендер кінәлі. Бұл қасақана жасалған әрекет. Оқиғаға куәгерлер, өртеген әскери қызметші өз кінәсін мойындап, қазір Тараздағы тергеу изоляторында отыр", - дейді бұрынғы әскери қолбасшы.

Г. Досымшалова