Желіде Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар қыздың видеосы жарияланды

Желіде Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар қыздың видеосы жарияланды
Фото: © instagram/pso_dos.kst_

Желіде Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар Мадина Ерланқызының видеосы жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz

Желіде жартылай жалаңаш қыз жүгіріп жүрген кадрлар пайда болды. Ол Қостанай облысы Жамбыл ауылында жоғалған 5 жасар қыз екені анықталған. Қыз бір күн бойы іздестіріліп жатыр. Бұл кадрлар ол үйден қашқаннан кейін бірден түсірілген болуы мүмкін. Куәгерлер оны түрлі жерлерде көрген, бірақ бала қайда жоғалып кеткені белгісіз.

"Бала таңғы сағат 7 шамасында екі қабатты үйдің терезесінен шығып, газ құбыры арқылы түскен. Оны жерге түсірген бірінші қабаттағы куәгер бар. Үй иелері есікті ашпаған, осылайша, бала ойын алаңына қарай жүгіріп кеткен, онда камера бар, сол сәт видеоға түсіп қалған. Қыз тасжолға қарай жүгіргенін көрген куәгер де бар, кейін тракторшы оны орманға қарай жүгіріп бара жатқан жерінен көрген. Осы мәліметтерге сүйеніп, қозғалыс бағыты жасалды, осы бағытта жұмыс істейміз", - деді Қостанай облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ербол Қайырбеков.

Қыз жерден, судан іздестіріліп жатыр. Бұл іске Полиция департаментінің жеке құрамынан 500 адам, оның ішінде ТЖД қызметкерлері, еріктілер, жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.

Облыс тұрғындары кішкентай қызды іздестіріп жатыр. Іздеуге қатыса алмайтындар еріктілерге қаржылық жағынан көмектесіп, жанармайға ақша жіберіп жатыр. Жамбыл ауылының тұрғындары тамақ дайындап, іздеу жасақтарын тамақтандырып жатыр. Іздеуге алты айлық баласы бар ана да қатысып жүр. Әйел қол қусырып отыра алмайтынын айтқан, өйткені өзі де аутизмге шалдыққан бала тәрбиелеп отыр, ол да үйден қашып кеткен.

Сурет ©Tengrinews.kz

Ж. Қадыржанова