"Дүниеге бір көзбен келдім". Әнші Серікбол Сайлаубек неге көзілдірік тастамай жүретінін айтты

"Дүниеге бір көзбен келдім". Әнші Серікбол Сайлаубек неге көзілдірік тастамай жүретінін айтты
Фото: serikbol_sailaubek Instagram-парақшасынан

Әнші Серікбол Сайлаубек неге үнемі көзілдірік тағып жүретінін түсіндірді. Бұл туралы ол "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz

Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде өзі отырмайды.

"Мен Instagram-ға көп араласпаймын. Інім отырады. Өздері салады. Маған "жазбайсыз" дейсіз ғой. Көз дұрыс көрмейді. Не жазамын?", - деді ол.

Бағдарлама барысында әнші көзілдірігін шешіп көрсетті.

Видеодан алынған кадр 

"Сол көзіңіз бе? Бұл көзге не болған? Бала кезден осылай ма" - деп сұрады журналист.

Әнші көзіне не болғанын айтып берген.

"Бұл туғаннан осылай. Біраз сұхбатта айттым. Анам өмірге 4 қыз алып келген. Әкеге ұл керек қой. Әкем дастарқан басында отырып, Алладан "бір көзі соқыр болса да, ұл берші" деп сұраған екен. Сондықтан дұрыс сөйлеу керек деп отырмын. Әр сөзің қабыл болады. Бір-бірімізді барынша көтерейік, жақсы сөздер көп айтайық. Осылай, әкем тіледі, дүниеге бір көзбен келдім", - деді Серікбол Сайлаубек.

Ж. Қадыржанова