- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Зардап шеккендер бар"...
"Зардап шеккендер бар" - Мирзиеев Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктер туралы
Президент Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан Республикасының депутаттарымен, ардагерлері және белсенділерімен кездесу өткізді. Көрші мемлекет басшысы халқына үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мирзиеевтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бұл күндері біздің елімізде маңызды саяси процесс - Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қоғамдық талқылау жүріп жатқаны белгілі", - деді Мирзиеев.
Сондай-ақ, ол конституциялық реформалар елдің одан әрі әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандығын нығайтуға, "адами қадір-қасиеті үшін" игі идеяларды іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталғанын айтты.
"Демократиялық қағидаттар мен құқықтық нормалар негізінде азаматтардың өз пікірі мен ерік-жігерін еркін білдіруі үшін жасалған жағдайларға қарамастан, кейбір күштер Конституциялық реформаларға наразылық білдіру сылтауымен агрессия мен зорлық-зомбылық жолын таңдап, Өзбекстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға және шайқауға тырысты.
Жалған ақпарат таратудың пысықталған технологияларын және әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, деструктивті күштер нақты мақсатты көздеді және азаматтарды Конституцияны бұзатын қызметке тартты.
Олардың басты мақсаты - қоғамды тұрақсыздандыру, мемлекетіміз жүргізіп отырған жасампаз саясатқа деген сенімге нұқсан келтіру, Өзбекстанның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру", - деді президент.
Одан бөлек, Мирзиеев 1 шілдеде елде болған тәртіпсіздіктердің мән-жайын айтты.
"2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкіс қаласында бір топ адам жалған ұрандармен азаматтардың сеніміне ие болып, оларды адастырды, биліктің заңды талаптарына бағынбады, хаос тудырды және жергілікті мемлекеттік органдардың ғимараттарын басып алуға тырысты. Бұл бұған дейін хабарланды.
2 шілдеде олар қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған акцияларды тоқтату туралы талаптарды елемей, республиканың әкімшілік орталығының орталық көшелерінде деструктивті әрекеттерді жалғастырды", - деді ол.
Сонымен қатар, тәртіпсіздіктерге қатысқан кейбір адам тәртіп сақшыларымен қақтығыс тудыруға тырысқанын, күзетілетін аумақтарға күшпен басып кіріп, ғимараттарға тастар мен түрлі заттар лақтырғанын айтты.
G. Dosymshalova"Шеру кезінде олар инфрақұрылым нысандарына айтарлықтай зиян келтірді. Олар дүкен терезелерін шағып, өрт қойды. Бірнеше топ қару алу мақсатында Нүкіс қалалық ішкі істер басқармасы мен Ұлттық ұлан басқармасының ғимараттарын басып алуға тырысты.
Сандық артықшылығын пайдаланып, бұл адамдар құқық қорғау органдарына шабуыл жасап, оларды аяусыз ұрып, ауыр жарақат салды.
Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында зардап шеккендер бар", - деді ел президенті.