- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Коронавирус жұқтырғандар саны...
Коронавирус жұқтырғандар саны артты. Елде карантин жариялана ма?
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны артып барады. ДСМ өкілі қандай жағдайда қайта карантин мен локдаун енгізілуі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда КВИ жұқтырғандар саны артып жатыр. Кейінгі аптада өткен аптамен салыстырғанда, ауру жұқтырғандар 3,6 есеге өскен, яғни 127-ден 457 жағдайға дейін жеткен.
"Елімізде кейінгі аптада 457 жағдайдың 391-і немесе 85 пайызы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Вакцинация мәртебесін талдау кезінде науқастардың 80 пайызы КВИ-ге қарсы вакцинацияланбаған адамдар және вакцинациядан кейін 6 айдан аса уақыт өткен адамдар екені анықталды. Бұл дерек вакцинация КВИ инфекциясынан қорғаудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз тиімді шарасы екенін көрсетеді", - делінген ДСМ ұсынған хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазір шектеу шаралары енгізілмейді.
"Республика және барлық аймақ 3 наурыздан бастап эпидемиологиялық бағалау матрицасына сәйкес жасыл аймақта орналасқан. Қазір тәулік бойынша ауру жұқтырғандар саны артқанына қарамастан шектеу шаралары енгізілмейді. Шектеу шараларын енгізу денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме болған кезде қарастырылады. Шектеу шаралары жоспарлы медициналық көмек көрсету қызметінің жұмысына қиыншылық келтірмеу мақсатында енгізіледі. Қазір республикада 18 мыңнан аса инфекциялық төсек-орын бар, қосымша резервте 22 мыңнан аса төсек-орын қарастырылған. Бөлінген төсек-орындарының шамадан тыс жүктелуі тіркелген кезде тиісті шектеу шаралы енгізіледі", - делінген хабарламада.
Елімізде COVID-19-ға қарсы вакцинация науқаны әлі де жалғасып жатыр. Кейінгі деректер бойынша, вакцинациямен қамту деңгейі 80,2 пайыз, екінші компоненті 78 пайыз болады. Ревакцинацияны 4,7 миллион адам немесе халықтың 67,4 пайызы алған. Қайта вакцинацияны 170 мың адам немесе тиісті контингенттің 50,6 пайызы алған.
"Қазір тәулігіне 20-21 мың екпе жасалады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Мамырда коронавирус штамдарын ретке келтіру кезінде омикрон нұсқасының 99 пайызы анықталды, оның 27 пайызы стелла-омикрон және маусымда жүргізілген ПТР-скрининг барысында Алматы қаласында стелла-омикрон нұсқасының 78 пайызы анықталды. Қазір республикада коронавирус инфекциясына қарсы үш вакцина бар, барлығы - 2,3 миллион доза", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, COVID-19 жұқтырғандар санының артуы басқа елдерде де байқалады. Мәселен, әлемдік статистика деректері бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар кейінгі 7 күнде 15 пайызға, өлім-жітім 3 пайызға өскен. Төсек-орынның қамтылуы 5 пайыз, ал резервте 22 мыңнан аса төсек-орын бар екен.
Ж. Қадыржанова