- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- құстар қырылып жатыр
SOS!!! Павлодар облысында құстар жаппай қырылып жатыр
Павлодар облысының Баянауыл ауданында көл жайлаған құстар жаппай қырылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күркелі ауылдық округі аумағындағы Қосшалқар көліндегі құстардың өлексесі 600-ге жуықтаған. “Алғашқы бетте сарыала қаздар белгісіз аурудан өле бастаған еді. Енді аққулар және басқа да құстар құлап жатыр”, - дейді бізге хабарласқан ауыл тұрғындары.
Қазір ол жерде ветеринарлық мамандар мен Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық парк қызметкерлері тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар тек 400 метр аумақтан 500-600 өлексені жинап өртеген. Су ішінде өлген құстар әлі де көп жатыр дейді. Қосшалқар көлінен сол аумақтағы бірнеше ауыл және жеке шаруашылықтардың малдары су ішеді. Сол себепті халық белгісіз дерт малға одан кейін адамға жұға ма деп қауіптенеді.
"Біріншіден бұл жерде тек суда жүзген құстар өлген. Яғни үй құстары аман. Егер құс тұмау тараған болса үй құстарына да тиер еді. Қазір патогендік сынама алынып зертханаға жіберілді. Екіншіден, біздің пайымдауымызша мал мен жануарға еш залалы жоқ. Ондай дерек те тіркелмеді" - дейді Павлодар облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ғалым Бейсенов.
Апта бұрын Астанаға жіберілген сынаманың нәтижесі әлі шыққан жоқ. Сондықтан да жергілікті ветеринарлар құстарға тиген аурудың не екенін дөп басып айта алмай отыр.
Е.Базарқұл
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы