Қазақстан 43, Өзбекстан 13-орында. Елімізде спортқа жұмсалған қаражат ақталды ма?

Қазақстан 43, Өзбекстан 13-орында. Елімізде спортқа жұмсалған қаражат ақталды ма?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Кеше Парижде ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Қазақстан 1 алтын, 3 күміс және 3 қола еншілеп, 206 мемлекет ішінен 43-орында тұр. Желіде спорттың дамуына қыруар ақша жұмсалғанымен, әлемдік аренада көтеріле алмай келетініміз туралы түрлі пікір пайда болды. Мұның себебі не? Расымен Қазақстанда спортқа жұмсалған қаражат ақталды ма? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді. 

Massaget.kz / Болат Айтмолда

Париж Олимпиадасы аяқталуға таяғанда желіде спорт саласына жұмсалатын қыруар ақшаға қатысты наразылықтар пайда болды. Көбі Қазақстанның бюджетін көршілес Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің бюджетімен салыстырып жатыр. Желі қолданушылар келтірген мәліметтерге сәйкес, елімізде спорт саласын дамытуға бірнеше есе көп. Алайда кеше өткен Олимпиадада Қазақстан Өзбекстанға қарағанда бірнеше есе көп қаражат жұмсағанымен, жалпы елдер арасында 28 саты төмен тұрғанын байқадық. 

Журналист Бахтияр Хамит Үкіметтің спорт саласына жұмсаған қаражатына талдау жасап, оны өзге елдермен салыстырып көрді. 

"Өзбекстан 2023 жылы спортқа деп 2,3 триллион сум бөліпті. Google-ға салсам 1 теңгеміз 26,49 сум деп тұр. Сонда былтырғы өзбек спортының бюджеті біздің ақшамен 87 миллиард теңгеге жуықтайды.

Қырғызстан 2023 жылы спорт саласын қаржыландыруға 1,4 миллиард сом қарастырыпты. Тағы да сол Google-да есептетсем, қырғыздың 1 сомы біздің ақшаға шаққанда 5,6 теңге. Сонда бір туғандар былтыр спорт саласына 7,8 миллиард теңге бөлген.

Енді өзімізге келейік. Қазақстан 2023 жылы спортты қаржыландыруға 300 миллиард теңге жұмсаған. Бұл мәліметті Спорт және туризм министрі Мыржықпавтың өзі келтірген. Яғни Өзбекстан мен Қырғызстанның бюджетін қоса есептегендегі сомадан бірнеше есе артық", - дейді ол. 

ҰОК/ Сәли Сәбиров

Расымен Қазақстан спорт саласын дамытуға 300 миллиард теңге бөлді ме?

Бұл ақпаратты туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та, министр Ермек Маржықпаев та растады. 

"Қазақстанда спортқа жыл сайын шамамен 300 миллиард теңге бөлінеді. Біздің министрліктен 62 миллиард теңге бөлінеді. Бұл - бұқаралық спорт, ұлттық спорт түрлері және бүкіл республика бойынша бар мектеп-интернаттар мен колледждерге жұмсалатын қаражат", - деген еді министр сұхбаттарының бірінде. 

Париж Олимпиадасының дайындығына қанша бөлінді?

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев брифингте биыл олимпиада спортшыларын даярлауға 1 миллиард теңгеге жуық бөлінгенін хабарлады.

"Олимпиада ойындарына дайындықты спортты дамыту дирекциясы жүргізеді. Ұлттық құрама команданы даярлауға, оның Олимпиада ойындарына қатысуына 980 миллион теңге жұмсалды", - деді ол.

Олимпиада қорытындылары қандай?

Қазақстан 1 алтын, 3 күміс және 3 қола еншілеп, 206 мемлекет ішінен 43-орында тұр. Айта кетейік, еліміздің намысын қорғауға 80 спортшы жіберілді. 

Өзбекстан Олимпиадаға барлығы 90 спортшысын жіберген. Олар Олимпиадада 13 медаль жеңіп алды - 8 алтын, 2 күміс және 3 қола. Ел 206 мемлекет арасында 13-орын, Орталық Азия елдері бойынша 1-орын, ТМД елдері бойынша 1-орында тұр. 

Ал Қырғызстан 206 ел арасында 68-орынға жайғасқан. Қырғыздар 2 күміс пен 4 қола алып, барлығы 6 жүлдеге ие болды. 

Владислав Семенов

Қазақстан қанша спорт түрінен қатысты? 

Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Олимпиадада спортшылар жалпы спорттың 45 түрінен бақ сынады. Бұл спорт түрлері арасында еліміз Мотокросс, фристайл, баскетбол, волейбол, атқа міну, тіпті ауыр атлетикадан да қалыс қалды. Демек, елімізде спорт түрін дамытатын сала жеткілікті. 

Өзге елдер Олимпиадаға қанша қаржы жұмсаған?

  • АҚШ-та Олимпиада дайындығына, жолына кететін шығынды мемлекет мүлде көтермейді. Бұл жүк спортшыларға түседі. Мәселен, биыл Олимпиадаға АҚШ тарапынан 653 спортшы барған, алайда оның 11 пайызы ғана қандай да бір демеушілік көмекке ие болған. Бұған қарамастан АҚШ 126 медаль еншілеп, елдер арасында топ жарып 1-орынға жайғасты. 
  • Ал Аустралияда спортқа жауапты министрлік бар болғаны 13 миллион АҚШ доллар (6 миллиард 220 миллион теңге) бөлген. Жетіспеген қаражатты басқа спонсорлар арқылы жинаған. Аустралия 4-орында. 
  • Биылғы Олимпиада қожайындары - Француздар ойынға қанша қаржы жұмсағандарын ашып айтпады, алайда The Washington Post газетінің мәліметінше Олимпиада ойындарын ұйымдастыруға жалпы 9,7 миллиард доллар қаражат кеткен. Франция елдер арасында 5-орынға жайғасты. 
  • Ұлыбританиялықтар биыл Олимпиада қарсаңында мемлекеттен бөлінетін қаржының өскенін айтып, 77,4 миллион фунт (47 миллиард 260 миллион теңге) болғанын мәлімдеді. Ал Ұлыбритания 7-орында тұр. 

t.me/olympickz

Айта кетейік, бұған дейін қоржынға кім қандай жүлде салғанын жазған едік. 

Қазақстан 2024 жылғы Олимпиада ойындарын жеті медальмен аяқтады.

Алтын: 

  • Елдос Сметов дзюдодан алтын медаль жеңіп алды.

Күміс: 

  • боксшы Нұрбек Оралбай,
  • гимнаст Нариман Құрбанов,
  • грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраев күміс иеленді.

Қола:

  • дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев,
  • боксшы Назым Қызайбай,
  • нысана көздеушілер Александра Ле мен Ислам Сатпаев қола жеңіп алды. 

olympic.kz

Еске салайық, Қазақстан 28 жыл ішінде еліміздің намысын қорғаған спортшылар 82 жүлдеге қол жеткізген. 

  • 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадада 11 медаль;
  • 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиадада 7 медаль;
  • 2004 жылы Афинада өткен Олимпиадада 8 медаль;
  • 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадада 9 медаль;
  • 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада 11 медаль;
  • 2016 жылы Рио-де Жанейрода өткен Олимпиадада 17 медаль;
  • 2020 жылы Токиода өткен Олимпиадада 8 медаль;
  • 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадада 11 медаль еншіледі. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек