"Өтемақы ұсынды". FlyArystan рейске жібермеген 12 жастағы қыздың анасы мән-жайды айтты

"Өтемақы ұсынды". FlyArystan рейске жібермеген 12 жастағы қыздың анасы мән-жайды айтты
Фото: Midjourney

Ұшаққа жіберілмей, Астана әуежайында жалғыз қалған оралдық 12 жастағы қыздың анасы авиакомпанияның жіберген хаты мен ұсынысы туралы, сондай-ақ бұл оқиғаны жариялаудағы мақсаты туралы Tengri Travel сайтына сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

TengriTravel тілшісімен сұхбатта Жазира бес баланың, егіздер Зауре мен Зере 12 жаста, одан кейінгі тоғыз жасар егіз ұлдар Алмас пен Нұртас және үш жасар қызы Айбикенің анасы екенін айтты. Олар отбасымен Орал қаласында тұрады.

"Туристік бизнеспен айналысқаныма 23 жылдай болды. Әуе компанияларына және қонақүйлерге байланысты мәселелерді реттеп отырамын, бірақ мен мұндай жағдайды басымнан бірінші рет өткердім.  Үлкен қыздарым Англияға бірнеше рет ұшып барып жүр. Биыл оларды арнайы апарып келетін ұйыммен АҚШ-қа оқуға жіберуді ұйғардым. Олар баланы әуежайда жалғыз қалдырып кеткен. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен күйзеліс болды", - деді ол.

Жазира Instagram парақшасында FlyArystan әуе компаниясынан қоңырау шалғанын жазды.

"Олар 4 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуді ұсынды, бірақ мен бас тарттым. Енді сотта кездесеміз", - деді ол.

Сонымен қатар, ол компания жіберген хатты жариялады. Құжатқа сәйкес, тасымалдаушы үлкен өтемақы ұсынған.

"Біздің авиакомпания жіберген бірқатар қателіктердің салдарынан Г.Зерені бортқа отырғызудан бас тартты. Біз бұл оқиға қыз бен оның отбасына айтарлықтай күйзеліс әкелгенін түсінеміз. Әрекетіміз үшін қатты өкінеміз", - деп жазылған хатта.

Егер ол бұл ұсынысты қабылдаса, оған бұл оқиғаны БАҚ-та жариялауға және түсініктеме беруге тыйым салынар еді. Алайда әйел қаржылық өтемақыдан бас тартқанын растап, сотқа жүгінуге шешім қабылдады.

"Instagram-да коммерциялық мақсатты көздеген жоқпын. Көптеген адамдардың осы авиакомпанияға шағымы көп екен. Мысалы, қосымша жарты килограмм үшін ақы төлейсің. Бірақ бір қызды жалғыз қалдыру, сенімді адамды алдау - дұрыс емес. Иә, ол қателесті. Дегенмен, баланы әуежайда жалғыз қалдырмауы керек еді. Ол барлық балалармен бірге жүруі тиіс. Ал ол тасымалдаушы өкілдеріне сеніп, кетіп қалған. Қалай болғанда да, олар алаяқтықпен баланы рейске отырғызбаған. Бұл кішкентай қыз! Тіпті мен ересек адам болсам да мұндай көзқарасқа қатты күйзелетін едім", - деді ол.

Анасының айтуынша, ол бұл оқиғаны өзгелерге сабақ болу үшін бейбіт жолмен шешкісі келмейді.

"Мен балалардың зардап шеккенін қаламаймын. Неге басқа авиакомпаниялар мұндайға жол бермейді? Біздікілер ше? Сабақ болу үшін осылай жасағым келді", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы