- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі...
Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін қайтарымсыз грант жайлы не білу керек?
Қазақстанда 732,1 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Еліміздегі мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастаманы қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар беріледі. Қайтарымсыз грантты кімдер ала алады және оны алу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
Қайтарымсыз грант мөлшері қандай?
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар жалпы халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға беріледі. 2024 жылға жеке ісін ашуға немесе оны кеңейтуге 12,9 млрд. теңгеге 9000 грант беру жоспарланған. Грант мөлшері 400 АЕК немесе осы жылы 1 476 000 теңгені құрайды.
Қайтарымсыз грантты кімдер ала алады?
Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.
Грантты мына топтағы адамдар ала алады:
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын балаларға, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) және (немесе) оның жұбайы (зайыбы);
- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
- қоныс аударушылар;
- қандастар;
- еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы).
Грантты алудың негізгі шарттары
Гранттар қайтарымсыз конкурстық негізде беріледі.
Грантты алудың негізгі шарттары:
- "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуды аяқтау туралы сертификаттың болуы;
- Бизнес жоспардың болуы.
Грант алу үшін өтінішті қайда тапсыру керек?
Бүгінгі күні құжаттарды тапсыру процесі толығымен автоматтандырылған, ол үшін Business.enbek.kz порталында тіркелу керек.
Грант алуға үміткерлердің өтініші мен бизнес-жобасын мансап орталығы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша комиссияның отырысына қарауға шығарады. Бекітілген Қағидаларға сәйкес комиссия отырысы Порталда өтініштерді қабылдау аяқталған күннен кейін 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі.
Бұл ретте, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.
Грант алуға конкурс қашан басталады?
Гранттар алуға өтініштерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру өтініштер қабылданғанға дейін 10 күнтізбелік күн бұрын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.
Ақпараттық посттар Gov.kz мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының біріңғай платформасында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Instagram, Facebook және Telegram желілеріндегі парақшаларында орналастырылады.
Сонымен қатар, мекен-жайы бойынша тиісті мансап орталығына жүгіну арқылы консультациялық қызметтерді алу мүмкіндігі бар.
Оқи отырыңыз: Ересектерге мүгедектік қалай тағайындалады? Нұсқаулық
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова