Ақтөбе облысындағы жеті адамның өмірін қиған жол апаты: өңір әкімі мәлімдеме жасады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі жол-көлік оқиғасына қатысты Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол марқұм болған жандардың жақындары мен туысқандарына көңіл айтып, қайғылы жағдайға байланысты жұмыс тобы құрылғанын, бұл мәселе жеке бақылауында болатынын мәлімдеді.

"Өңіріміздегі жантүршігерлік оқиға туралы баршаңыз хабардарсыздар. Марқұм болған жандардың жақындарына, ағайын-туыстарына өзімнің және Ақтөбе облысы әкімдігінің атынан көңіл айтамын. Оларға қажетті материалдық және моральдық көмек көрсетіледі. Бұл оқиға білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларының маңыздылығын тағы бір рет еске салды. Әрбір оқушының өмірі бағалы және кез келген іс-шарада олардың қауіпсіздігі бірінші орында болуға тиіс. Орынбасарым Жолдас Батырхан жетекшілік ететін облыстық жұмыс тобы құрылды, қазір олар - оқиға орнында", - деп жазды Асхат Шахаров.

Облыстық жұмыс тобы, құзырлы органдар заң аясында бұл жағдайды мұқият тексеріп, тиісті шаралар қабылдайды.

"Оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында мектептерде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау міндетті. Жарыстар мен басқа да іс-шараларды ұйымдастыру кезінде белгіленген алгоритмге сәйкес, қауіпсіздік талаптары толықтай орындалуға тиіс. Бұл жағдай - жеке бақылауымда", - деді өңір басшысы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз