12 жасында ана атанған оқушыға кәсіпкер басқа ауылдан үй сатып алып берді

Павлодар әкімдігінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда 12 жастағы босанған қыздың ата-анасына қатысты жеке іс қаралды. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева өзінің Instagram парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгінде кәмелетке толмаған қыз жаңа туған нәрестемен бірге облыстық перинаталдық орталықта орналастырылды. Олардың жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп отыр. 12 жастағы қыздың психоэмоционалды жағдайын мамандар үнемі қадағалап отырады.

"Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер ананың өмірлік жағдайы ауыр болған жағдайда жаңа туған нәрестені ата-ана құқықтарына шектеусіз 12 айға дейінгі балалар үйіне орналастыруды көздейді. Бірақ заңды өкілдер бұл шарттан бас тартып, өз бетінше мәселені шешеміз деп айтқан", - деді Сәуле Шәкенева. 

Отбасының жағдайына жүрегі ашық жандар назар аударып, көмектесуге бел буды. 12 жастағы қыз сияқты меценат, кәсіпкер және облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай да Моңғолияның тумасы. Облыс әкімінің шешімімен оған басқа ауылдан үй сатып алынды. Ал демеуші Асылбек Туғанбай жиһаз, тұрмыстық техника мен бүкіл керекті заттарды алуға көмектесті.

"Қиын мәселесі бар отбасыны жалғыз қалдырмаймыз. Құжаттармен де жәрдемдесеміз. Жанұя аяққа тік тұрған уақытқа дейін қолдап тұрамыз", - деді Асылбек Туғанбай.

Облыстық мәслихат депутаты жаңа туған сәбиге сақ патшайымы болған Томиристің есімін қойды.  

Еске салайық, Галкин ауылында 12 жасар қыз дүниеге сәби әкелген. Жасөспірім тамыз айында 13 жасқа толады. Жәбірленушінің туысы күдікті деп танылды. Ол қамауға алынды. Қызды зорлау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!