Білім беру саласындағы жемқорлық қай өңірлерде жиі болады?

Антикордың ресми өкілі Данияр Бекайдаров білім беру саласында жемқорлық жиі тіркелетін өңірлерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, агенттік білім беру саласындағы жемқорлық фактілерін анықтап жатыр. 2023 жылдың басынан бері салада 247 қылмыстық іс тіркелген. Келген шығын – 15,5 млрд теңге.

Жалпы Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында жымқырудың ең үлкен сомасы анықталды. Қылмыс жасаған 327 адамның әрекеті әшкереленді. Оның ішінде 154 адам сотталды, - деді Данияр Бекайдаров.

Ресми өкілдің сөзіне сенсек, 86 бухгалтер, мектепке дейінгі мекеменің 17 басшысы, 13 мектеп және колледж директоры, 4 білім бөлімінің басшысы заң алдында жауап берген.

"Қазіргі уақытта 195 бухгалтер, 26 мектеп және колледж директоры, мектепке дейінгі мекеменің 21 басшысы, 17 кәсіпкер, 17 білім бөлімінің басшысының үстінен тергеу жүргізіліп жатыр. Олар күдікті деп танылды", - деді ол.