Маңғыстауда заңсыз діни пансионаттардың көзі жойылды

Маңғыстауда прокурорлар заңсыз діни пансионаттардың қызметтін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маңғыстау облысы прокуратурасының  органдары балалар пансионаттары түріндегі қайырымдылық мекемелерін тексеру барысында қолданыстағы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады. Мәселен, облыста 5 пансионат қызмет көрсеткен (Мұнайлы ауданында 2, Жаңаөзен қаласында, Қарақия және Түпқараған аудандарында 1).

Алайда, іс жүзінде мекемелердің қызметі олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келді.

Барлық мекемелер бойынша тәрбиеленушілердің діни әдебиеттерді пайдаланғаны және басқа да заңдылықты бұзушылық фактілері анықталды. Бұл ретте, қайырымдылық мекемелерінің білім беру қызметімен айналысуға лицензиялары болмаған.

Осылайша балалардың білім, тәрбие және уақтылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылған.

Тексеру нәтижелерімен еңбек, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт сөндіру заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін пансионаттар басшылығына қатысты 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 1,3 млн теңге айыппұл салынды.

Балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн олардың заңды өкiлдерi (ата-аналары) де әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылды.

Қазіргі уақытта прокурорлардың талап-арыздары бойынша сотпен барлық көрсетілген пансионаттардың тіркеу күші жойылып, қызметтері тоқтатылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!