Павлодар облысында ер адам әйелін үйде босандырып алды

Павлодар облысында ер адам әйелін үйде босандырып алды
Фото: pexels.com

Атамекен кентінде ер адам әйелін үйде босандырып алды. Оған телефон арқылы 103 диспетчері нұсқау беріп отырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 4 тамызда, таңғы сағат алты шамасында Атамекен кентінен 41 жастағы жүкті әйелінде жиі толғақ басталғанын айтқан ер адамнан қоңырау түскен. Диспетчер медициналық топты мекенжайға жіберіп, ол жеткенше қоңырау шалушыға не істеу керектігі туралы нұсқаулықтар берді.

Дәрігерлер жеткенге дейін бойы 49 сантиметр, салмағы 2,5 келі болатын қыз бала дүниеге келді. Босанған әйел мен бала тұрақты жағдайда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.

"Біз бес жылдан астам уақыт бойы "қоңырауды ұстап тұру" әдісін қолданып келеміз. Оның мәні – көмекке мұқтаж адамға дер кезінде көмек көрсете алу. Арнайы алгоритмдер жасалды, оған сәйкес диспетчер хабарласушыға телефон арқылы нұсқау береді", - дейді дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Айта кетейік, "Қоңырауды ұстап тұру" тек үйде босану кезінде ғана емес, тыныс алу немесе жүректің тоқтауы кезінде, қан кету, суға бату жағдайларында қолданылады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан