Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы дүниеден өтті

Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы Күләш Құнантаева дүниеден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 1968–1984 жж. ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор Күләш Құнантайқызы Құнантаева өмірден өтті. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Күләш Құнантайқызы 1931 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірген. Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. 1966 жылы "Некоторые внеучебные трудовые и образовательные объединения учащихся Казахстана" тақырыбында кандидаттық және 1981 жылы "Развитие женского образования в Казахстане (1920-1975)" тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

1968–1984 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын ең ұзақ уақыт басқарған білікті ректор. 16 жыл аралығында Күләш Құнантайқызы оқу орнын жаңа деңгейге көтерді. Сол кезеңде заман талабына сай оқу ғимараттары мен үш жатақхана салынып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар 1200 адамды бір мезгілде тамақтандыратын асхана, кітапхана мен спорт кешендері іске қосылды. Күләш Құнантайқызының тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілді. Жаңадан 12 зертхана ашылды, сондай-ақ студенттер контингенті 3600-дан 6200-ге жетті, факультеттер саны 4-тен 6-ға, кафедралар саны 19-дан 28-ге артты.

Отандық педагогика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызы – еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!