Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа әскери атақ берілді

Армия спортшысы Қырғызбаевқа мерзімінен бұрын "капитан" әскери атағы берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін таңертең жазғы Олимпиада ойындарында тамаша өнер көрсеткен дзюдодан Қазақстан құрамасы Парижден оралды. Команда құрамында қазақстандық дзюдошы, 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдардағы Азия чемпионаттарының қола жүлдегері, Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бар.

Аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев – Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі.

Отан алдындағы ерекше еңбегі, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, жоғары жетістіктері және кәсібилігі үшін Ғұсманға және оның егіз сыңары, Орталық спорт клубы дзюдодан команданың бөлімше бастығы - аға жаттықтырушысы Ғұмар Қырғызбаевқа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен кезекті "капитан" әскери атағы мерзімінен бұрын беріледі, –деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.

Оны ағайынды егіздерге Олимпиада қорытындысы бойынша спортшыларға құрмет көрсету кезінде Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тапсыратынын айтты. Олимпиаданың барлық жеңімпаздарымен бірге Ғұсман Қырғызбаевты да Алматы гарнизонының әскери қызметшілері және әріптестері қарсы алды. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық дзюдошы Гусман Қырғызбаев Сербиядан келген спортшы Страхинья Бунчичті жеңіп, үшінші орын үшін күресте қола медаль жеңіп алды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!