Қуандық Бишімбаев колонияда жұмыс істесе жалақысы қанша болады?

Қуандық Бишімбаев колонияда жұмыс істесе жалақысы қанша болады?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев жақында колонияға жеткізілген болатын. Егер ол колонияда жұмыс істейтін болса, жалақысы қанша болуы мүмкін екені анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, қазақстандық сотталғандардың еңбегі екі түрлі төленеді: уақытша және келісім бойынша.

Еңбекке уақытша ақы төлеу кезінде сотталғандардың жалақысы белгіленген тарифтік мөлшерлемеге немесе нақты жұмыс істеген уақыты үшін жалақыға сәйкес есептеледі. Жалақы төлеу кезінде ақша орындалған жұмыстың немесе өндірілген өнімнің әрбір бірлігі үшін төленеді.

"Қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындарында не бизнес субъектілерінде жұмысқа орналасқан бір сотталушының орташа жалақысы 25 мыңнан 200 мың теңгеге дейін болады", - дейді ҚАЖК өкілдері.

Сондай-ақ, комитеттің мәліметінше, Қазақстан колонияларында атқару парақтары бар сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша бірінші кезектегі шаралар қабылданып жатыр.

"Олардың жалақысынан заңнамада айқындалған мөлшерде (жалақының немесе өзге табыстың кемінде елу пайызы) ай сайынғы ұстап қалулар жүргізіледі. Осылайша, залалды өтеу сотталғандардың табысына тікелей байланысты", - деп толықтырды комитет.

Еске салайық, 23 шілдеде Қуандық Бишімбаев колонияға жеткізілді.

"Сотталушы сот үкімі бойынша қатаң режимдегі мекемеге ауыстырылды. Сонымен қатар, қылмыстық-атқару кодексінің 88 - бабына сәйкес сотталғандар тіркеуге сәйкес жазасын өтеу орындарына жіберілетінін хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

Кодекске сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұған дейін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев колонияда қандай жұмыс істей алатынын айтқан еді. 

"Біріншіден, Бишімбаев әлі тергеу изоляторында. Екіншіден, оның жұмыс істеуіне қатысты: өндірістік аймақтарда түрлі жұмыс бар. Ол "Еңбек" Республикалық мемлекеттік кәсіпорында мысалы ағаш, металл өңдеу саласына жұмысқа орналаса алады. Қай жерде бос орын болса сол жерге бара алады.  

Бұл мәселені жұмыспен қамту бөлімі шешеді, келгеннен кейін 15 күн карантинде болады. Біз оны зерттейміз, одан әрі тәрбие жұмысы жүргізіледі. Психологтар басқа тұтқындармен жұмыс істейтін болады", - дейді Жәнібеков.

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін айыпталған Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған болатын. Ал қылмысты жасырып қалған інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина