Отбасымды сақтап қалу үшін өтірік айттым - әнші Бағлан Әбдірайымов

Отбасымды сақтап қалу үшін өтірік айттым - әнші Бағлан Әбдірайымов
Фото: видеодан кадр

"Жігіттер" тобының солисі, кинопродюсер, танымал әнші Бағлан Әбдірайымов "Ұрпақ" подкастында бірнеше жыл бұрын құмар ойынға салынған кезде отбасына өтірік айтқанын жасырмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші құмар ойынға салынған кезде бұл жайлы әйеліне айтпағанын жасырмады.

"Көпшілік отбасыда құмар ойынға салынған күйеуіне әйелі талап қойса және ол орындалмаса, әйел азамат қолын бір сілтейді де, балаларын алып кетіп қалады. Өйткені одан болашақ көрмейді. Егер адам өзінің күйеуінің дұрыс емес жолда жүргенін көретін болса, бірінші кезекте бала-шағасының тәрбиесін ойлайды. Өйткені ол күнде концерт қойса, көшедегі нәрселерін үйде жасайтын болса, күнделікті үйге проблема кіргізе беретін болса, онда шынымен де бала-шағаның психологиясы бұзылады. Сондықтан кетіп қалудан басқа амал болмайды. Ал енді кейде әйел ер азаматының немен айналысып жүргенін білмей қалса, отбасыны сақтап қалуға болады", - дейді ол.

Алайда әнші құмар ойыннан тапқан дұрыс емес табысынан үйге ас әкелуге қорыққанын айтты.

"Мысалы, менің келіншегім әбден болары болып, бояуы сіңген кезде осы жайлы білді. Мен отбасымды сақтап қалу үшін өтірік айттым. "Мен ойнап жүрмін, күшті екен, мен бүгін ұттым" деп айтсам жағдай басқаша болар ма еді. Бірақ мен ештеңе айтпадым. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ауылдан әке-шешемді көмекке шақырдым. Кемшілігің бар болса, оны ешқашан үйде отырып айтпа. Кейде бұл нәрсе сені құтқарып қалады.

Осы нәрсенің дұрыс емес екенін, табысы да дұрыс емес екенін білеміз. Осы дұрыс емес табыстан үйге бір нан апаруға немесе басқа бір ас апаруға қатты қорқатынмын. Осындай кішкентай ғана ниетім отбасымды сақтап қалуға септігін тигізген шығар деп ойлаймын", - деді өнер иесі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова