Павлодарлық әйел алаяқтарға 30 миллион теңгеден астам қаражат аударған

Қылмыс жасағандардың орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шілдеде әйел өзінің басшысынан WhatsApp-қа лаңкестердің шоттарына ақша аударуға байланысты ҰҚК-не шақыру туралы хабарлама алды.

"Әйелге ҰҚК майорының атын жамылған біреу қоңырау шалып, оның атына шот ашылғаны және бұрын сотталған және іздеуде жүрген ер адамның атына 1 500 000 теңге аударылғаны туралы хабарлады. Өз шоттарын қорғау үшін алаяқтың айтқанын істеуге келісті. Оның нұсқауларына сүйене отырып, жәбірленуші әйел банкке барып, өзінің депозиттік шотынан 15 000 000 теңгені алып, ертерек ұсынылған  деректемеге 5 миллион теңгеден астам соманы аударды. Дәл осындай бірнеше ұқсас операциялар қайталап жасады. Кейін әйел алданып қалғанын түсініп,  полицияға жүгінді", - деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Өзін ҰҚК басшылары мен қызметкерлері ретінде таныстырған телефон алаяқтарға сеніп қалған әйелге шамамен 30 миллион теңге несие ресімделді.

"Тергеу барысында ақша аударылған адамдардың онымен мүлде байланысы жоқ екені анықталды. Бұл адамдармен байланысу әрекеттері олардың онлайн-табысқа және қолданбалар арқылы қашықтан қол жеткізуге байланысты алаяқтардың құрбаны болғанын көрсетті", - деді Болат Нұрсейітов.

Қазіргі уақытта жедел уәкілдер соңғы екі жылда ҚР аумағында нөмірлері ретрансляцияланбаған абоненттердің орналасқан жерін анықтауға сұрау салулар жіберді.

Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Тәртіп сақшылары күдікті телефон қоңыраулары мен хабарламалар, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен жағдайда, дереу полицияға хабарласуға кеңес береді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!