Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованы қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованы қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тамара Дүйсенова әлеуметтік саланы қаржыландырудың жаңа әдістерін таныстырды. Бұл тәсілдер бөлінген қаржының шын мұқтаж жандарға жетуін, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын, сондай-ақ, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Дүйсенова бұл салаға 14,5 триллион теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 60 пайызы болады.

Үкімет басшысының орынбасары отбасының цифрлық картасы арқылы көрсетілетін қызметтер азаматтардың әлеуметтік санатына қарай дербес ұсынылатынын баяндады. Бүгінде әлеуметтік саланы цифрландыру деңгейі қызмет алушыларды және оларға көрсетілген қызмет көлемін анықтап қоймай, мемлекеттік қолдау шараларының құрылымына түзету енгізуге мүмкіндік беретінін айтты.

Ауыр тұрмыстық жағдайдағы отбасыларға арналған ұтымды әрі тиімді көмек шаралары әзірленетіні айтылды. Президентке білім беру, медициналық көмек сапасын арттыру және әлеуметтік нысандар құрылысы мен ауыл тұрғындарын қолдау бойынша Үкімет тарапынан қолға алынған жобалар жайында мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы қабылданған шаралардың маңызын атап, бұл ұсыныстарды қолдады. Сондай-ақ, бұған дейін басталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз