Алматыда театрлар күзге дейін демалысқа кетті

Алматыда театр әртістері маусымды сәтті аяқтап, демалысқа шықты. Мәдени астанада өнерсүйер қауым үшін 3000-ға жуық спектакль сахналанған, оның 52-сі премьера, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда драмалық, опералық және балеттік қойылымдарға 700 мыңнан астам көрермен келген. Бұл қала әкімдігіне, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты он мемлекеттік театрдың көрсеткіші.

Айта кетейік, Мемлекеттік қуыршақ театры 88-ші маусымында көрермендерге 1200 спектакль ұсынып, 82 мыңнан астам көрермен қабылдаған. Театр ұжымы Канада астанасында The First international Ottawa Puppet festival халықаралық фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алып, маусымдыүлкен жеңіспен аяқтады. Айта кетейік, биыл әкімдік 10 жылда алғаш рет театр ғимаратын жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Келесі маусымда өнер ұжымы 90 жылдық мерейтоын атап өтеді.

Алматыдағы жас театрдың бірі – "Алатау" дәстүрлі өнер театры. Осы маусымда театр артистері көрермендерге 76 спектакль ұсынып, оны 53 200 адам көрген. Сонымен қатар, осы маусымда "Алатау" ДӨТ артистері Италия, Аустрия және Қытайда өнер көрсетті.

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры осы маусымда ең көп көрермен жинады. Театр сахналаған қойылымдарды 130 мыңнан астам адам тамашалаған.

Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры биыл премьераға бай болды. Театр өз 92-ші маусымында көрермендерге 13 жаңа қойылым ұсынған.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы 98-ші маусымда көрермендерге 199 спектакль ұсынған.

Жаңа театр маусымы дәстүрлі түрде қыркүйекте басталады. Сол уақытқа дейін артистер тың күш жинап, режиссерлер жаңа қойылымдар жоспарлайтын болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!