Сәкен Майғазиев 30 жасында бата берген бала Гарвардқа оқуға түсті

Танымал әнші Сәкен Майғазиев жас кезінде үйінде қонақ болып, бата берген бала Гарвардқа оқуға түскенін хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Екі күн бұрын орталық клиникалық аурухана дәлізінде (СовМин) жүзінен нұр төгілген келіншек пен оның қасындағы 16 жастар шамасындағы қызымен жылы ұшырап амандастық. Шырамытқаныммен, танымадым. Сөйтсем, 19 жыл бұрын, яғни 2005 жылы жер жәннаты Жетісуда бұл кісілердің қара шаңырағында қонақта болыппыз. Сол үйдің көз қуанышы, еркесі осы суреттегі Сезім есімді баланы (шамамен 2-3 жаста болса керек) ата-анасы менің қолыма ұсынып, аузына түкіруімді өтініпті. Алланың қалап, аузыма салып тұрғаны ғой, кішкентай Сезім ұлымызға ақ жол, жарқын болашақ тілеп: "Сен әнші болмай-ақ қой, сен асқан білім мен ғылымның иесі бол", - деп бата берген екем. 30 жасымда не деген бата десеңші!", - деп жазды Сәкен Майғазиев. 

Әншінің айтуынша, сол бала Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін аяқтап, Гарвардқа оқуға түскен екен. 

"Сезім Ертаңатов әлем бойынша 55 мың үміткердің ішінен топ жарып, 2021 жылы Гарвард университетінің оқу грантына ие болыпты. "Сезім Гарвард" деп "гуглдата" қойып едім, Сезім Ертаңатов туралы ақпарат атып шықты. Айтқым келгені, бір бірімізге жақсылық тілеп, жақсы сөйлеп, жақсы ойлап, қолдап, демеп жүрейікші. Жақсы сөз - жарым ырыс", - деп ағынан жарылды әнші. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз