"Он жыл сусыз отырмыз". Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғындары суға жарымай отыр

"Қала іргесінде тұрсақ та, ауыз суға жарымай отырмыз" дейді Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғындары. Жаз айларында құбырдағы су қысымы азайып, кейде мүлдем ақпай қалады. Су тапшылығы бұл ауылда он жылдан бері шешімін таппай келе жатыр. Тұрғындар жыл сайын жергілікті әкімдікке шағым айтқанымен, мәселе биыл да шешілмейтін сыңайлы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фатима Мұстафақызының әр таңы су жинаумен өтеді. Өйткені, күндіз су болмайды. Үйдегі бос ыдыстың бәрін суға толтырарып қояды. Әсіресе жаз айларында күнделікті тұрмыс қажетіне су молынан керек.

"Ауылда су жоқ. Қырық градус ыстық. Күндіз бір сағатқа сыздықтатып ағызады. Үлгерсең құйып аласың. Үлгермесең көршілерден сұрауға мәжбүрсің немесе сатып аламыз. Бұған қалай шыдауға болады", - дейді ол.

Бесағаштың оңтүстік бөлігіндегі 5 көшенің тұрғындары 5 ай бойы судан тапшылық көреді. Атап айтқанда - Байтұрсынұлы, Жұмабаев, Дулатов, Қарасай және Райымбек батыр көшелерінде ауыз су тұрақты ақпайды.

"Ауылымыздың басты мәселесі - су екенін әкімдік жақсы біледі. Ол жыл сайын айтылады. Бірақ, құбырды жөндейміз, жаңартамыз деген уәде орындалмайды. Қала іргесінде тұрып ауыз су мәселесі әлі шешілген жоқ. Біз бұл мәселені он жыл бұрын қозғаған едік, осы бір мәселені шеше алмаса, бұл жерде - Бесағашта отырған, әкімдікте отырған адамдар немен айналысып отырғанын түсінбеймін осы",  - дейді ауыл тұрғыны Ж.Сенбекұлы.

Суды үнемдеу мақсатында ауылдық әкімдік коммерциялық нысандарды сумен қамтуды азайтты. Мейрамханаларға су тәулігіне 12 сағат қана беріледі. Су мәселесін түпкілікті шешу үшін аудандық әкімдік пен "Талғар су" коммуналдық мекемесі бірлесіп жаңа магистральді құбыр салуды қолға алыпты.

"Жыл басынан бері бұл жобаға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Қазір бұл жұмысты жеке серіктестік іске асырып жатыр. Жұмыс 14 айға жоспарланды. Яғни, нысанды тапсыру мерзімі келесі жылы, жазда аяқталуы тиіс" , - дейді Бесағаш ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ә. Рамазанов.

Сондай-ақ, тұрғындар судың әр текше метріне 154 теңгеден төлейді. Бұл тариф қаламен салыстырғанда үш есе қымбат. Жалпы Бесағаштағы су құбырлары 90 пайызға тозған. Жоспар бойынша 30 шақырымнан астам құбырды жаңалау қажет.

Саламат Сабыр
Алматы облысы

Суреттер: Massaget.kz / Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!