Полицей суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды

Полицей суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды
Фото: Polisia.kz

Шу станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкері Мұхан Батыр әдеттегідей әріптестері криминалист Башаров Абзал және тергеуші Бахилов Нұрдәулетпен бірге жедел-тергеу тобы құрамында шақыруға шыққан. Теміржол бойымен келе жатып кенеттен су арнасы орналасқан жақтан кішкентай қыздың айқайлап, көмекке шақырып жатқан дауысын естіді. Полицейлер дереу оқиға орнына жетіп, суға батып бара жатқан әйелді байқады. Жедел уәкіл Б.Мұхан адамды құтқару үшін ойланбастан бірден суға секірді. Тәртіп сақшысы жүзіп барып, жәбірленушіні аман-есен жағаға шығарып, алғашқы көмек көрсетті. Жедел медициналық жәрдем бригадасы келісімен оны дәрігерлерге тапсырды.

– Ойлануға уақыт болмады, тез шешім қабылдау керек болды. Сол себепті әйел адамды құтқару үшін суға секірдім, – дейді Б.Мұхан.

– Қызым екеуміз шомылып келмек болғанбыз. Суда жүргенде аяғымның сіңірі тартылып, суға бата бастадым. Содан кейін ештеңе есімде жоқ. Көзімді ашсам полиция қызметкері мені судан жағаға шығарып, көмек көрсетіп жатыр екен. Алғысым шексіз, өмірімді сақтап қалғаны үшін полиция қызметкеріне ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын, – дейді Шу қаласының тұрғыны.

Қазір тұрғын аман-есен үйінде, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Полиция қызметкерінің жедел әрі шапшаң әрекеттерінің арқасында оқиға сәтті аяқталды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина