Суға батып кететіндер көбеюіне не себеп?

Суға батып кететіндер көбеюіне не себеп?
Фото: depositphotos.com

Жыл басынан бері шомылу маусымында 250 адам құтқарылған, оның ішінде 63-і бала. Бұл туралы ТЖМ өкілі Ақылбек Ахметжанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Құтқарылғандардың көбі су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған, олардың әрқайсысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Ақылбек Ахметжанов демалушыларға арналған бірқатар міндетті атады.

"Балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз және олардың өздігінен шомылуына жол бермеңіз; тыйым салу белгілері орнатылған, жабдықталмаған жерлерде шомылуға немесе суға түсуге болмайды; жүзу шекараларын белгілейтін қалтқылардың артында жүзбеңіз; қайықтардың жанында жүзбеңіз. Осы қарапайым ережелерді ұстану сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды", - деді комитеті төрағасының орынбасары.

Ведомство мәліметінше, демалушылар көбіне мына себептерге байланысты батып кетеді:

  • өз күштерін асыра бағалайды;
  • балаларды қараусыз қалдырады;
  • көбіне мас күйінде шомылады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда кейінгі 10 жылда 2 240 адам суға батып кеткені хабарланды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова