Тоқаев Алматы әкімі Досаевты қабылдады

Тоқаев Алматы әкімі Досаевты қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерболат Досаев биылғы бірінші жартыжылдықтағы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы туралы баяндады. Бұл кезеңде Алматыда инвестициялық өркендеудің жоғары қарқыны байқалады.

  • Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,8 пайызға өсіп, 714,8 миллиард теңгеге жеткен:

– жеке инвестицияның көлемі 21,1 пайызға ұлғайды, оның ішінде IT секторда, сондай-ақ, туризм, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және көлік салаларында өсім бар;

– жыл соңына дейін 2 триллион теңге инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр;

– 2024 жылдың басынан бері 32,7 мың жұмыс орны ашылды. Оның 75 пайызы тұрақты жұмыс орны.

  • Қоғамдық көлікті жаңарту мен экологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді:

– биыл экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70 пайызға дейін артады. Былтыр бұл көрсеткіш 53,7 пайыз болған;

– жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін газбен жүретін 600 автобус, 100 электрлі автобус, 112 троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ, қаланың троллейбус паркі толығымен жаңартылады.

  • Қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамтудың резервтік схемасын жасау жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы баяндады:

– бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары биылғы шілдеде аяқталып, 6 жаңа ұңғыма және 1,5 шақырым магистральдық құбыр пайдалануға берілді. Нәтижесінде қосымша схеманың қуаты 60 пайызға артты. Бұл Медеу ауданының 50 мың тұрғынын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  • Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты:

– биыл 4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының құрылысы және 12 емхананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады;

– жыл соңына дейін 11 жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы мен емхана құрылысының жобасы жасалады;

– биыл маусымда Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында "Фетальді хирургия" пилоттық жобасы жүзеге асты. Бұл жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

  • Мектептердегі орын тапшылығын азайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты:

– жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 3,7 мың орындық 8 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 6,4 мың орындық 10 жекеменшік мектеп ашылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкіміне өңдеу өнеркәсібін дамытуға, сондай-ақ, Алматы экономикасын әртараптандыру аясында шағын және орта бизнес үлесінің өсуі есебінен кірісті одан әрі арттыруға баса назар аударуды тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова