Шымкенттегі Спорт сарайы мемлекетке қайтарылды

Шымкенттегі Спорт сарайы мемлекетке қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2017 жылы Шымкент қаласының "Спорт сарайы" ЖШС-ның 67,09 пайыз үлесі жекешелендіріліп, құны 1 млрд теңгеге, яғни нарықтық құнынан 8 есе аз сомаға сатылғаны анықталды.

Сонымен қатар, Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген және жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан, аукционға қатысушы ретінде тіркелуге жатпайды.

Спорт сарайы оңтүстік өңірлерде қысқы спорт түрлерін дайындайтын жалғыз орын болып саналады. Объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін "Мемлекеттік мүлік туралы" ҚР Заңының нормалары бұзылған.

Сондай-ақ, 5 жыл ішінде мемлекет Спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімімен жекешелендіру нәтижелері жойылды. Қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!