"Жанкештілік көрсетті": тағы бір танымал кәсіпкер Олимпиадада жеңіліс тапқан Абибаға стипендия бермек

"Жанкештілік көрсетті": тағы бір танымал кәсіпкер Олимпиадада жеңіліс тапқан Абибаға стипендия бермек
Фото: ©️ Сали Сабиров

Танымал кәсіпкер, меценат Дулат Тастекей Олимпиадада жүлде ала алмай қалған Абиба Әбужақыноваға стипендия бермек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Токио олимпиадасында қола жүлде алған Елдос бауырымыз сол жылы көпшіліктің шешімімен стипендия иегері атанған еді. Биыл бұл стипендияны Париж олимпиадасында жанкештілік көрсеткен Әбиба қарындасымыз алса, қалай қарайсыздар?" - деді ол.

Халық кәсіпкердің бұл ұсынысын бірауыздан қолдаған.

"Оң шешім, құптарлық жайт", "Өте жақсы идея, дұрыс", "Бойында қазақи мінез, ұлттық намысы бар қыз. Қолдаймыз!", "Өте орынды шешім", "Қос қолдап қолдаймыз!!!", - деді олар.

Айта кетейік, Абиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта Париж Олимпиадасының қола жүлдесіне қол жеткізе алмады. Отандасымыз үшінші орын үшін өткен белдесуде швед қызы Тара Бабулфазға жол берді.

Еске салайық, бұған дейін Парламенті Мәжілісінің депутаты, Республика партиясының төрағасы Айдарбек Хожаназаров та Олимпиадада жеңіліс тапқан Абиба Әбужақыноваға сыйақы беретінін айтты. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова