- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әр жылқының құны...
"Әр жылқының құны - 1 млн". Ақтөбелік кәсіпкер Елдос Сметовке 100 жылқы сыйлады
Ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Ақмырзаұлы Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке құны 100 миллион теңге болатын 100 жылқы сыйлады. Massaget.kz тілшісі Олимпиада чемпионына құнды сый тартқан тұрғынмен сұхбаттасты.
"Елдосты жақын танымаймын, бірақ сырттай бақылап отырмын. Ол Олимпиадада қола алды, күміс алды, "алтын да алсын" деп тілекші болған ағаларының бірімін. Еліміздің көк байрағын желбіреткені үшін, бақытты сәт сыйлағаны үшін 100 жылқыны бердім. Таңертең видеомен сөйлесіп, өзіне айттым", - дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, Олимпиададағы жеңісті отбасымен бірге қараған.
"Өз кәсібімді 100 жылқыдан бастадым. Әңгіме ақшада ғой. Елдосқа "шәкірт тәрбиеле, өзің сияқты чемпион болсын" дедім. Ешкімге қарамай, мойын бұрмай, өз кәсібін ашсын деп бердім. "Жүйрікке тұлпар" дейді, сол үшін де бердім", - дейді кәсіпкер.
Әнуар Ақмырзаұлының айтуынша, бұл - асыл тұқымды жылқылар. Бір тұлпардың бағасы - 1 миллион теңге.
"Елдосты елге шақырамын. Ауылдың балалары көру керек, бізден де чемпион шықсын. Осындай елді танытып жүрген інішектердің арқасында ағалар болу керек", - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық танымал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов пен Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Парижде алтын алған Елдос Сметовке көлік сыйламақ екенін айтқан еді.
Айта кетейік, қазақ дзюдошысы Елдос Сметов Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Отандасымыз финалда француз дзюдошысы Лука Мхеидзеден айласын асырды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек