Жолаушылар көлігі де өртенген: Шымкенттегі алапат өрттен қанша адам зардап шекті?

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері Шымкенттің индустриялық аймағында болған алапат өрттен зардап шеккендер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбекші ауданы, Қапал батыр көшесі, 116/2, Ордабасы индустриалды аймағында, KMG Supple Company ЖШС аумағында ашық алаңда өндірістік газ және кесек күкірт өртенді. Өрт аумағы - 1200 шаршы метр, сонымен қатар, Daewoo Jentra жолаушылар көлігі де өртеніп кеткен.

"Өрт болған жерден күйік және улану белгілерімен 10 адам медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде 2 адам дәрігерлердің қарауынан кейін ауруханаға жатқызылды, қалған 8 адам үйлеріне жіберілді", - деп хабарлады ТЖД.

Өртті сөндіру жұмысы күкірттің тотығуының химиялық реакциясына байланысты қиындады. Өртсөндірушілер инертті материалдармен (құммен) толтыру және газсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Көмек көрсетуге Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары келді.

Өрт орнында және төтенше жағдайлар бөлімінде өртті сөндіру бойынша жедел штаб құрылды. Төтенше оқиға орнында Шымкент қаласының әкімі мен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болды. Полицейлер қауіпті болуы мүмкін аумақты қоршауға алды. СЭС қызметкерлері сынамалар алды.

Шаңырақ ауданы бойынша жақын жердегі тұрғын үйлерден 443 адам, оның ішінде 233 бала эвакуацияланды (барлығы 412 үй, 2472 адам тұрады) (олардың барлығы 23:20-да үйлеріне немесе туыстарына оралды).

Өрт 05:01-де сөндірілді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!