Қазгидромет "Аралға жаңбыр жауғызамын" деген Алтай Айнабектің әрекетіне пікір білдірді

Қазгидромет "Аралға жаңбыр жауғызамын" деген Алтай Айнабектің әрекетіне пікір білдірді
Фото: depositphotos.com

Аралға "қолдан жаңбыр жауғызамын" деген Алтай Айнабек қызу талқыға түсіп жатыр. Синоптиктер де оның іс-әрекетіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазгидромет Massaget.kz-ке берген ресми жауабында ведомство жеке және заңды тұлғалардың жұмысына баға бермейтінін мәлімдеді.

"Кәсіпорын ҚР Экологиялық кодексінің 166-бабына сәйкес мемлекеттік байқылау желісін пайдаланып, қоршаған ортаға метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг жүргізеді", - деп жазылған жауапта.

Қазгидромет "Алтай Айнабек жасап жатқан процестің табиғатқа, тұрғындарға қаншалық зияны бар?" деген сауалға да "баға беру кәсіпорын құзыретіне кірмейді", - деп жауап берді.

Қазақстан өңірлерінде біраз уақыттан бері жаңбыр жауып жатыр. Дегенмен Қазгидрометтің ресми жауабына сүйенсек, маусым-шілде аралығында синоптикалық процесстерге, белгілі бір аймақтың географиялық және климаттық ерекшеліктеріне қатысты өзгерістер тіркелмеген.

"Барикалық құрылымдар әрекеттесуі, бұлттылық, жауын-шашын мөлшерінде ауытқу тіркелмеді. Маусым-шілде айларында жауған жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық норма шамасында немесе одан төмен болды", - деп жазылған ресми жауапта.

Алтай Айнабектің тәжірибесі ғылыми тұрғыда қисынды ма?

"Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның арнайы мәлімдемесіне сәйкес, табиғи метеорологиялық жүйелердің энергиялық қоры соншалық үлкен болғандықтан, жаңбыр жаудыратын бұлт жүйелерін құру, желдің сипатын өзгертіп, белгілі бір аймаққа су буын әкелу немесе қауіпті табиғи құбылыстарды толығымен жою мүмкін емес. (WMO WWRP, 2018-1). Осы тұрғыда бұлттар географиялық бір аймақтан екінші аймаққа тек табиғи жолмен тасымалданатынын немесе құрылатынын хабарлаймыз", - деп жазылған жауапта.

Қазгидромет атмосфералық процестер өте күрделі екенін және жауын-шашын мөлшерін арттыру үшін соған сәйкес климаттық потенциал қажет екенін мәлімдеді.

"Қазақстандық ғалым метеорологтар жүргізген зерттеулерге сәйкес елдің тек солтүстік аймақтарындағы бұлттардағы су қорының жауын-шашын мөлшерін арттыруға жеткілікті потенциалы бар, ал қалған аймақтарда бұл көрсеткіштер мардымсыз. Бұл мәліметтер профессор, география ғылымдарының докторы А.В. Чередниченконың "Қазақстан климатының өзгеруі және қол жетімді бұлт су қорлары есебінен бейімделу мүмкіндіктері" атты монографиясында көрсетілген (Монография. Бішкек: Илим, 2009. – 260 б.). Ресей мен АҚШ-та жүргізілген эксперименталды зерттеулер нәтижесіне сәйкес қазір табиғи түрде жауатын жауын-шашын мөлшерін 10-15 пайызға арттыру мүмкіндігі бары дәлелденген", - деп жазылған ведомство жауабында.

Алтай Айнабек Қазгидрометтің бұл мәлімдемесіне жауап берді.

"Қазгидромет  болжамдары технология пайдаланған кездері әрдайым быт-шыт болатын, бұл жолы да сондай болып отыр. Миллиардтаған теңгені бекерге жеп отырғандай көрінбейік деп, біздің жұмысты жоқ етуге тырысып жатыр! Оларға өз құлқындары Аралдың тағдырынан артық болып тұр ма сонда? Бірігіп ғылыми жұмысқа шақырсаң, қашады. Не ол сонда? Әлде Аралға су жобасы кейбір топтардың мүддесіне зиян болып жатыр ма? Қытайлықтарды Аралға кіргізуге, мысалы. ҰҚК, Бас Прокуратура, құзырлы органдар, осы мәселеге мән берулеріңізге шақырамын! Менің миссиям анық - Аралға су, Аралды тірілту!" - деді ол.

Айта кетейік, 18 шілдеде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Әйтек" су торабын аралап, Солтүстік Арал теңізіне су жіберу жұмыстарымен танысты. Нәтижесінде ведомство Солтүстік Арал теңізіне былтыр салыстырғанда 12,5 еседен артық су келіп жатқанын хабарлады.

Су министрлігі мәліметінше, қазір Солтүстік Аралға секундына 75 текше метрге дейін су жіберіліп жатыр. Былтыр секундына 6 текше метр су келген.

"Сырдария өзені арқылы Қызылорда облысына секундына 650 текше метр су келіп жатқандықтан, осындай нәтижеге қол жеткізілді. Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен жұмыс жүргізілді. Су жіберу кестелері бекітіліп, қазіргі таңда келісімге сай су келіп жатыр. Сондай-ақ, жергілікті шаруа қожалықтарымен де кездестім. Егіс алқаптарын суару үшін қажетті су жеткілікті мөлшерде", - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге сапарында.

Massaget.kz осы қызық құбылысқа орай министрлікке де ресми сауал жолдады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми пікірі мен ұстанымын алдағы уақытта тағы да жариялаймыз.

Еске салайық, бұған дейін Алтай Айнабек редакцияға көлемді сұхбат беріп, технологиясының құпиясын ашты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова