"Ең әдемі, ең ақылды, бірақ Сара маған қарамайды". Тұрар Ыдырыстың неге әлі үйленбей жүргені белгілі болды

2RAR лақап атымен танылған әнші, актер Тұрар Ыдырыс актриса Сара Амангелдінің оған жігіт ретінде қарамағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанның өнер жұлдыздарымен, әнші, актерлерімен сұқбат жүргізетін танымал тележүргізуші Динара Сәтжанның "Dinara Satzhan Late Night show" бағдарламасында қонақта болған Тұрар Ыдырыс әлі үйленбеуінің себебін де жайып салды. 

Қонағы студияға келген бойда Динара Сәтжанның Тұрарға алғашқы сұрағы: "Сен 28-десің. Бірақ басың бос. Неге осы күнге дейін үйленбей жүрсің?" болды.

"Неге келе сала мұндай сұрақтан бастадыңыз?" деп ыңғайсызданған Тұрар Ыдырыс бір күліп алды да амалсыздан жауап берді.  

"Солай болып тұр ғой енді. Басым бос, жүрегім бос, бәрі бос боп тұр. Білмеймін енді, әзірге бұйырмаған ғой. Әзірге бұйырмай тұр, бұйырған күні болатын шығар", - деді ол қысылып. 

"Менің ойымша, сенің қыздарға қоятын талабың көп сияқты. Әлде біреу сенің жүрегіңді қатты жаралады ма?" деп сұрады Динара Сәтжан. 

Тұрар Ыдырыс болса, "Жоқ, ондай емес. Қазір уақыты келген жоқ деп ойлаймын. Уақыты келген кезде менің де бір маңдайыма жазылған бақытым бар шығар. Ешкім жүрегімді жаралаған жоқ. Барлығы жақсы. Мен 28 жас деген қатты қорқынышты жас деп ойламаймын. Мен қатты бір уайымдамайды екенмін ол нәрсені", - деп ағынан жарылды әнші. 

Динара Сәтжан Тұрар Ыдырыстың адамдармен өте жақсы араласып кететінін айтып, шоу бизнесте, блогерлер арасында басы бос қыздар өте көп екенін, Тұрардың бәрімен қарым-қатынасы жақсы екенін айтып, әсіресе Сара Амангелдіні Тұрарға лайық жұп ретінде ұсынды. 

Тіпті, "Мысалы, Сара екеуің жұп болсаңдар, әдемі жұп болар едіңдер" деп экранға Сара Амангелді мен Тұрар Ыдырыстың фотошоппен жасалған той суретін шығарды. 

"Мынауыңыз өте қате деп ойлаймын. Мына суретте "тәтті бала" болып отырмын ғой. Ашығын айтсам, біз Сарамен жай ғана доспыз. Ешқандай қарым-қатынас болған жоқ. Тек қана доспыз, бірге киноға түстік. Сол кинода жұптың рөлін ойнадық қой екеуміз. "Жар-жар" фильмінде. Халық сенді ойынымызға. Мен үйреніп қалғанмын ондай нәрсеге. Екі адамды қосып кетеді. Бірақ қайталап айтайын, біз жай ғана доспыз", - деді әнші ақталып. 

Динара Сәтжан Сара Амангелдінің жүрегі бос, басы да бос, әдемі, ақылды, дарынды қыз екенін алға тартты.

"Иә, Сара ең әдемі, ең ақылды, ең талантты қыз, оған таласым жоқ. Былай айтқанда, Сара маған қарамайды ғой", - деп күлді Тұрар Ыдырыс.  

"Жарайды, жақсы. Түсіндік. Олай болса, бұл туралы Сарадан да сұраймыз", - деп қорытындылады Динара Сәтжан екі жастың қарым-қатынасы туралы әңгімесін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!