Елімізде жетім балаларды қарауына алған мамандардың жалақысы 50 пайызға өсуі мүмкін

Елімізде жетім балаларды қарауына алған мамандардың жалақысы 50 пайызға өсуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің жартыжылдық қорытындысында айтылған. 

"Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау – мемлекет үшін басым міндеттердің бірі болып қала бермек. Биылғы маусым айында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң күшіне енді, онда балаларға жасаған зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын 70-тен астам түзетулер енгізілген.

Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсететін арнайы бағдарлама қарастырылған. 18 психологиялық қолдау орталығы ашылды. Балалардың құқықтары бұзылған жағдайда жедел ден қою үшін ескертусіз жоспардан тыс тексеру мүмкіндігі енгізілді және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бақылау функциялары кеңейтілді, «111» байланыс орталығы іске қосылды", - делінген хабарламада.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Тәлімгерлік институты енгізіліп, қамқоршылық органдары қызметкерлерінің штаты 46 пайызға ұлғайтылды. Қазіргі таңда олардың жалақысын 50 пайызға арттыру мәселесі талқыланып жатыр.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарында өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары күшейтілді, атап айтсақ: дабыл түймелері, бейнебақылау жүйелері, турникеттер және лицензияланған күзет қарастырылған. Білім беру ұйымдары қауіпсіздік жүйелерімен алғаш рет барынша жарақтандырылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!