"Ажырасайық" дедім". Жұлдызай Дүйсенбиева басынан өткен ауыр кезең жайлы айтты

"Ажырасайық" дедім". Жұлдызай Дүйсенбиева басынан өткен ауыр кезең жайлы айтты
Фото: instagram.com/zhuldizay_duisenbieva

Танымал актриса Жұлдызай Дүйсенбиева "Мамский әңгіме" подкастында тұрмысқа шыққаннан кейін бала көтеріп, бірақ оны түсіріп алғанын айтты. Актрисаның айтуынша, осы кезде күйеуі оған үлкен қолдау көрсеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Актриса баласын түсіріп алғаннан кейін дәрігерлер оған енді бала көтере алмайтынын айтқан.

"Тұрмысқа шыққаннан кейін бала көтердім. Бірақ баланы түсіріп алдым. Одан кейін маған дәрігерлер "сізде мүлдем бала болмайды", "сіз енді ана бола аламайсыз" деді. Емделу керек деп көп дәрі мен анализдер жазып берді. Мен жалпы көп жыламайтын, жыласам да, көрсетпейтін адаммын. Бірақ сол кезде үйге келіп, қатты жыладым. Себебі "ана бола алмайсың" деген ең ауыр сөз екен. Маған "23 жаста болсаңыз, бірдеңе өзгерте алатын едік, бірақ 33 жаста кеш" деді", - дейді ол.

Актриса осындай ауыр кезеңде жолдасы қолдау көрсеткенін айтты.

"Жолдасым жұмыстан келіп, жылап жатырғанымды көріп, не болғанын сұрады. Жылағаннан тіпті айта алмай отырдым. "Ажырасайық" дедім. Ол шошып кетті. "Мен бала туа алмаймын" дедім. Біреудің тағдырын байлағым келген жоқ. Күйеуім маған қарап күлді. Қолымнан ұстады да, "Жұлдызай, егер тағдыр, Алла Тағала сенімен баласыз қол ұстасып жүруді жазған болса, мен сенімен соңына дейін қол ұстасып кетемін" деді. Оның осы сөзі менің өмір сүруіме күшті көмектесті. Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, кейде күйеуіммен ұрысып қаламыз. Сол кездердің барлығында осы сөздерді есіме аламын да, оны одан сайын жақсы көріп кетемін. Себебі бұл екінің бірінің қолынан келмейтін және айта алмайтын сөз", - дейді Жұлдызай Дүйсенбиева.

Актрисаның айтуынша, оны жолдасының жылы сөздері емдеді.

"Сол нәрсе мені емдеді деп ойлаймын. Маған 3 жыл емделесіз, ем жақсы болса, біз ЭКО жасаймыз деді. Онда да бола ма, болмай ма білмейді. Алайда мен ешқандай анализ тапсырмадым, ешқандай дәрі ішпедім. Бір ай уақыт өткен соң бала көтердім", - дейді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова