Шымкентте мектептің бас бухгалтері 64 миллионнан астам теңгені жымқырған

Шымкентте мектептің бас бухгалтері 64 миллионнан астам теңгені жымқырған. Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас есепшіге қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (Бөтеннің сеніп тапсырған аса ірі мөлшердегі мүлкін иелену және талан-таражға салу) айып тағылды.

Сот материалдарындағы мәліметке сүйенсек, сотталушы мектептің бас есепшісі лауазымын атқарып жүріп, 2021-2023 жылдар аралығында белгіленген еңбекақы сомасынан артық мөлшердегі қаражатты өзінің шотына аударып отырған. Осылайша ол  өзіне сеніп тапсырылған 64 295 513 теңге, яғни аса ірі мөлшердегі мемлекеттің ақшасын жымқырған. Қазіргі таңда келтірілген шығын өтелмеген.

Сотталушының кінәсі дәлелденді. Ол өз кінәсін мойындаған.

"Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды. Сотталушы  өмір бойына мемлекеттік қызметте атқару құқығынан айырылды", - делінген қалалық сот мәліметінде.

Үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!