"Бас сүйегім сынып, көзім ішіне кіріп кеткен". Алтынай Нұрсолтанова жантүршігерлік оқиғасын айтып, көмек сұрады

Астана қаласының тұрғыны Алтынай Нұрсолтанованы бұрынғы күйеуі балаларының көзінше өлімші етіп сабап тастаған. Алған соққының салдарынан келіншек бүгінде үшінші топтағы мүгедек. Ал кезінде осы әрекеті үшін 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айрылған жолдасы жақында 1,5 жылдан соң жазасы жеңілдеп қауіпсіздігі жеңіл мекемеге ауыстырылған. Жәбірленуші Алтынай Нұрсолтанова қайғылы оқиғаның мән-жайын Massaget.kz тілшісіне айтып берді.

Алтынайдың күйеуі оған бұған дейін де қол көтерген, бірақ жәбірленуші отбасын сақтап қалу үшін оны кешіріп келіпті. Ал қайғылы оқиға 2022 жылы 17-нен 18 наурызға қараған түні 2 және 1,3 жастағы екі ұлының көзінше болған. 

"Семейден менің құрбым келетін болды, мен онымен кездесу үшін күйеуімнен рұқсат сұрадым. Ол жіберді, бірақ үйдің барлық тірлігін істеп, балаларды тамақтандырып, ұйықтатып кеткенімді қалады. Сонымен мен сағат түнгі 22:00 болуын күтіп, кенже ұлымды ұйықтаттым да, жиналып үйден шығып кеттім. 1 сағаттан кейін күйеуім бейнеқоңырау шалып, қайда екенімді сұрады да, қатты кешікпеуімді өтінді. Кездесуден кейін үйге келіп төсекке жатқаным сол еді, мені аяғымен итеріп жіберді. Осыдан кейін қайтадан ұрыс басталды, мен шыдай алмай, оның мұндай тірліктерінен әбден шаршағанымды жеткіздім. Екеуміздің айғайымыздан балалар оянды. Бір уақытта ол ұялы телефонынын диктофон қосып, бірден әңгімесін өзгертті. "Мен балаларға қарап, үйде отырамын, ал сен түннің ортасына дейін қаңғырып, келгеннен кейін маған дауыс көтересің" деп әдейі айтты. Мен бұл туралы тергеу барысында білдім. Содан мен де ішімде сақтай алмай "сен менімен тек ыңғайлы болғандықтан тұрып жатырсың, мен сені жұмысқа кіргіздім, менің көлігімді айдайсың, менің үйімде тұрдық" деп ауыр сөздер айттым да, қолымды бір сілтеп бөлмеден шығып жатыр едім, артымнан басымнан қатты доғал затпен соққы жасады. Соққыдан мен жерге құладым. Ал күйеуім бір соққымен шектелмей, бүкіл денемді тебе бастады. Мен "болды, болды" деп тұра алмай жатқанымда, жұдырығымен бетімнен, басымнан ұрды. Шамамен 35-40 соққы болды. Балалар жан дауысымен жылап жатыр, мен күйеуімнен мені жіберуін сұрап жылап жатырмын. Ішімнен "болды, өлген жерім осы шығар" деп ойладым, өйткені ол мені өте қатты және ұзақ уақыт бойы ұрып-соқты. Ол бір уақытта тоқтап, пәтерден шығып кетті. Ал мен есімді жия алмай, қан-қан болып, еденде жата бердім. Мүмкін, періштелердің көмегі шығар, жатқан жерімнен ұялы телефоныма дейін еңбектеп барып, анама қоңырау шалдым. Анама "жағдайым өте ауыр, өлейін деп жатырмын ба, білмеймін, Әсет мені ұрып тастады" дедім де есімнен танып қалдым. Анам бірден "102", "103" нөміріне қоңырау шалып, дабыл қаққан", - деді ол.

Күйеуі үйден шығып кеткеннен біршама уақыттан кейін оның туыстары баса-көктеп кірген. Бірақ олар Алтынайға көмектесуге асықпай, оның қан киімін ауыстырып, бетін жуып, жердегі кілемді тазалаған.

"Мен есімді жия алмай жатқан уақытта жедел-жәрдем мен полиция қызметкерінен бұрын күйеуімнің отбасы келеді. Бірі есімде қалса, бірі есімде жоқ, өйткені мен көзімді бір ашып, бір жұмып жаттым. Анасы есіктен кірде де "мұның не, ақымақ? Менің ұлымды түрмеге отырғызсың келе ме? Егер сен қазір өліп қалсаң, ол сотталады ғой, ақымақ!" деді. Енем мен қайын інім мені көтеріп, ваннаға апарып жатқызды да, салқын сумен бет-аузымдағы қанның бәрін жуды. Үстімнен қан-қан барлық киімді шешіп, ақ халат кигізіп, төсекке жатқызды. Әсет пен әкесі балаларды алып кетті. Бір уақытта бұрынғы енем күйеуіне "Айдар, тезірек кілемді жинап ал" деп айғайлады. Олар осылай үйдегі бар айғақтың көзін жоюға тырысты. Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келген кезде олар есікті ашпай ұзақ жүрді. Құзырлы органдар шыдай алмай, дауыс көтерді. Жедел-жәрдем қызметкерлері менің халімді көріп шок болды, ал мен есімнен танып жатырмын. Күйеуімнің анасы оларға "мен де дәрігермін, оны ешқайда апарудың қажеті жоқ, өзім емдеймін" деп айтты. Ал олар "жоқ, жылдам басын тігу керек, басынан әлі де қан кетіп жатыр, әйтпесе ол өліп кетуі мүмкін" деп бас тартты. Мені жедел жәрдеммен Астанадағы №1 қалалық ауруханаға апарды, тексеру арқылы көптеген сынық анықтады. Соққылардың салдарынан сол бетімнің сүйегі толық сынып, майдаланып кеткен. Сүйектің майдаланғаны соншалық бас сүйегім сынып, сол көзім ішіне қарай кіріп кеткен. Сондай-ақ, бас сүйегім сынған", - деді ол.

Фото: Жеке архивтен. 

Дәрігерлер жәбірленушіге жедел ота жасалуы керегін айтып, оны бірінші ауруханадан екіншісіне ауыстырған. Екінші ауруханада оған шұғыл ота жасалған. Осы уақыт аралығында Алтынайдың анасы Алматыдағы жұмысынан сұранып, шұғыл Астанаға жеткен. Алтынайдың жағы сынып, өздігінен ас қабылдай алмағандықтан, анасы үш күн бойы қызының жанында болып, түтік арқылы тамақтандырған. Кейінірек жәбірленушінің анасы күйеу баласының үстінен арыз жазыпты.

Алтынай соққыға жығылып, ауруханаға ауыр халде жеткізілгенімен құзырлы органдар кінәлінің жазасын беруге асықпаған көрінеді. Алтынайдың сөзінше, аяққа тұруына кеткен бірнеше айдың ішінде қылмыстық істің тергеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген.

"Мен ауруханада жатқан уақытта құзырлы органдар ешқандай шара қолданбаған. Ол тіпті тергеу изоляторына да қамалмаған, керісінше, әдеттегі өмірін сүріп, қыдырып жүрген. Дегенмен менің жағдайымды білу үшін ауруханаға келген де жоқ. Кейіннен күйеуімнің туыстары анама қоңырау шалып, оны кешіріп, арызды қайтарып алуымызды сұраған. Бірақ, мен келіспей, адвокат жалдадым. Өйткені полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын бастамай, істі жауып тастаған. Оған қоса, мен "ақыры мұндайдан кейін тірі қалсам, оның жазасын алуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын" деп шештім", - деді Алтынай Нұрсолтанова. 

Фото: Жеке архивтен. Суретте Алтынай Нұрсолтанова күйеуі ұрып-соққанға дейін және кейін

Жәбірленуші адвокат жалдап, БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп шу көтергеннен кейін ғана күйеуі уақытша ұстау изоляторына қамалады. Бірақ істі тергеу жұмыстары ұзақ уақытқа созылған. 

"Тергеу басталды, бірақ ол ұзаққа созылды, өйткені істің тергеушісі қайта-қайта ауыса берді. Істі созып жүргенде 1,5 жыл өтті. Мен БАҚ өкілдеріне жағдайымды айтып, сұхбат бере бастадым. Осының арқасында бірден сот болды. 1 ай ішінде сот бұрынғы күйеуіме 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу туралы үкім шығарды. Бірақ мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 8 жыл сұрады. Ал мен 12 жыл сұраған едім", - дейді ол.

Үкім шыққаннан кейін күйеуі де, Алтынай Нұрсолтанова да апелляцияға арыз түсірген. Жәбірленуші мерзімді көбейткісі келген, ал сотталушы азайтқысы келген. Бірақ Жоғарғы сот үкімді өзгертпепті. 

"Біраз уақыт өткеннен кейін күйеуім жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін өтініш жазған. Іс бойынша биыл 12 шілдеде тағы сот болды. Судья менің қарсылығыма қарамастан, сотталушының өтінішін қанағаттандырып, оны қауіпсіздігі орташа мекемеден ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстырды. Тіпті оған түрмеде жақсы мінез-құлқы үшін марапат қағаздары берілген. Яғни азаматтық сот та, қылмыстық сот та күйеуімнің пайдасына үкім шығарды", - дейді ол.

Алтынай Нұрсолтанова бұрынғы күйеуіне әлдекімдердің көмектесіп отырғанын айтады.

"Қазір бұрынғы күйеуіме нақты кім көмектесіп отырғанын білмеймін, бірақ менің экс-енемнің құрбысының күйеуі Сенат депутаты болған. Ол кісі қайтыс болып кеткен, бірақ көзі тірісінде мәжілісте отырды. Менің анам Алматы қаласында судья болып жұмыс істейді, сенат мүшелері менің анамды жұмыстан шығарып жібергісі келген екен, сондықтан да мен олар Сенат мүшелерінің қорғауында деп ойлаймын", - дейді Алтынай Нұрсолтанова. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!