Ферроқорытпа зауытында қаза тапқан қызметкердің отбасына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында қайтыс болған қызметкердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем көмек ретінде беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Өкінішке қарай, жергілікті және шетелдік мамандардың кәсібилігіне қарамастан, біздің әріптесіміз, өз ісінің шебері, пеш бастығы Исмайлов Музафар Имантайұлы өмірден өтті. YDD Corporation Музафар Имантайұлының қайтыс болуына байланысты оның туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, көңіл айтады. Бүгінгі таңда компания жерлеуді ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады, сондай-ақ  отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетеді", - делінген компания хабарламасында.

Атап айтқанда, компания келесідей көмек көрсетеді:

  • Отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайды.
  • Отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетеді.
  • Қызметкер мен оның жұбайының барлық несиелерін толық өтейді.

Еске салайық, Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысы кенеттен пештен шыққан жалынның салдарынан қатты күйік алып, ауруханаға жеткізілген болатын. Олардың бірі 22 шілдеде қайтыс болды. 

Бұған дейін Желіде ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендердің видеосы тараған еді. Кейінірек төтенше жағдайға қатысты жаңа мәлімет белгілі болды.

Ферроқорытпа зауытында зардап шеккен жұмысшының ата-анасы сұхбат берді. Сондай-ақ, зардап шеккендерді емдеуге шетелден дәрігерлер келетіні белгілі болды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!