Алматыда тұрғындар үй аламыз деп алданып қалған

Алматыда үлескерлердің ақшасын иемденген алаяқ сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Наурызбай ауданының прокуратурасы үлескерлердің қаражатын тарту жөнінде заңсыз қызметке байланысты алаяқтықтың жолын кесті.

2022 жылы "Flora City Stroy" ЖШС директоры "К" азаматы "instagram", "krisha.kz" әлеуметтік желілерінде құрылыс салуға рұқсат қағазынсыз "Lantana" және "Flora" ТК құрылысының басталуы туралы жарнама берген.

Одан кейін "К" азаматы, сатып алушыларды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану жолымен алдын-ала сатып алу-сату шарттарын жасап, 290 млн теңге мөлшеріндегі 34 үлескердің ақшасын иеленген.

Материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Бостандық ауданының полиция басқармасына жолданды.

Бостандық аудандық сотының 21.06.2024 жылғы үкімімен "К" азаматы ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алынған учаскелер жәбірленушілердің залалын өтеу үшін сатылатын болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде қырағы болуға және рұқсат беру, сондай-ақ құқық белгілейтін құжаттардың болуын тексеруге шақырады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз