Маңғыстауда екі мемлекеттік қызметкерге тәртіптік шара қолданылды

Маңғыстау облысында жарты жылда Әдеп жөніндегі кеңестің 4 мәжілісі өткізіліп, онда 11 мәселе қаралды. Кеңесте 8 профилактикалық бағытында, үш тәртіптік іс мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Профилактикалық бағыттағы сұрақтар көрсеткіші 73% құрап отыр. Осы кезеңде Әдеп жөніндегі кеңесте 1 аудан әкімінің орынбасары, 2 аудан әкімінің аппарат басшыларының тәртіптік істері қаралды.

"Атап айтқанда, Бейнеу ауданы әкімі аппаратының басшысына қатысты "ҚР мемлекеттік қызметі туралы" Заңның 50 бабы 1 тармағы 4) тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол беру мәселесі бойынша "қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту" түріндегі тәртіптік шараға тартылды. Сондай-ақ, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасарына қатысты мемлекеттік қызметшiлердің әдеп кодексін бұзып, азаматтармен қарым-қатынас кезінде дөрекілік танытқаны үшін "сөгіс" түріндегі тәртіптік шара қолданылды, - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Қуаныш Әділханов.

Ведомствоның хабарлауынша, осы бұзушылықтарды ескере отырып, оларға жол бермеу мақсатында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру және бұзушылықтың алдын алу сипатындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!