12 жасында босанып қалған қыз оқитын мектептің директоры зейнетке шыққанда да жұмыс істеген

Павлодар облысының білім басқармасы 12 жастағы қыздың босануына қатысты Massaget.kz тілшісіне түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басқарманың мәліметінше, оқиға 19 шілде күні Шарбақты ауданында болған.

"Бұған дейін Галкин ауылдық округі әкімдігінің жедел әрекет ету тобы қыздың отбасын көпбалалы және аз қамтылған отбасы деп анықтап, оған атаулы әлеуметтік көмек берілген. Сонымен қатар, әкесі Галкин мектебіне от жағушы болып жұмысқа орналастырылған. Қыз сол оқу мекемесінде оқиды. Жүктілікті мектеп әкімшілігі оқушылар көктемгі каникулдан оралғаннан кейін анықтап, кейін бұл факті туралы мәліметтер бекітілген алгоритм бойынша тиісті органдарға жіберілді. Бойжеткен мен оның анасы дереу ауруханаға жеткізілді. 2024 жылғы 16 тамызда босанған әйел 13 жасқа толады", - делінген хабарламада.

Қазір бұл факті бойынша Шарбақты ауданының ішкі істер органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталмайынша, ақпарат жария етілмейді.

"Шарбақты ауданы білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Директор зейнеткерлікке шыққанда да мектепте жұмыс істеген. Оның еңбек шарты бір жылға ұзартылған. Жазда ол еңбек шартының мерзімі біткен соң өз еркімен арыз жазып, жұмыстан шығып кеткен", - деп хабарлады білім басқармасы.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, науқас облыстық перинатал орталыққа 19 шілдеде түскен, 20 шілдеде босанған. Ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!