Неге елде сирек кездесетін синдромдарды анықтайтын генетикалық орталық жоқ?

Жақында әлеуметтік желі қолданушысы елімізде сирек кездесетін синдромдарды анықтайтын генетикалық орталықтың да, генетикалық анализ тапсыру мүмкіндігі де жоғын айтып, жазба қалдырған еді. Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады.

Қазақстандық әйелдің айтуынша, мұндай анализ құны - 250 мың теңге. Ол мұны 15 ақпанда тапсырған, алайда күні бүгінге дейін анализ қорытындысын ала алмай отыр. 

"250 мың теңге төлейсің. 15 ақпанда тапсырған анализ әлі шықпайды... Бізде генетикалық анализ тапсыруға мүмкіндік жоқ. Ресейге жалынамыз. Молекуларлы медицина орталығында да, Адам ұрпағын өрбіту орталығында да баладағы сирек синдромдарды анықтайтын қауқар нөл. Жемір елдің жеткен жері осы. Тойдырып жібердіңдер бар ғой. Дәрінің түрі анау. Анализдің бағасы мынау. Ұяттарың жоқ. Қазақстан бойынша сирек кездесетін синдромдарды анықтайтын бірде бір генетикалық орталық болмауы сорлылық қой", - деп жазған ол. 

Сондай-ақ, әйел денсаулық министр Ақмарал Әлназарова жүгініп, елдегі сирек кездесетін синдроммен ауыратын балалардың мұң-зарына назар аударуды өтінді. 

Денсаулық министрлігі Massaget.kz редакциясына бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Елде мұндай орталық болмағанымен, бұл ауруға қатысты кеңес беріледі. 

"Министрлік балаларға медициналық-генетикалық көмек көрсетуді жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Еліміздің 20 өңірінде ұрықты қорғау орталықтары жұмыс істейді, онда жүкті әйелдерге, балаларға, туа біткен тұқым қуалайтын патологиясы бар отбасылық жұптарға медициналық-генетикалық кеңес беріледі. Ұрықты қорғау орталықтары тұқым қуалайтын және туа біткен патологиямен ауырлатылған отбасыларға медициналық-генетикалық көмектің кепілдендірілген түрлерін: медициналық-генетикалық кеңес беру, пренаталдық диагностика, жаңа туған нәрестелерді түзетілетін тұқым қуалайтын ауруларға скринингпен қамтамасыз ету үшін құрылған. Бұл МӘМС шеңберінде жүзеге асырылады", - делінген жауапта. 

Министрлік мәліметінше, толық экзомдық секвенирлеу - диагностикалық зерттеудің қымбат түрі және ел аумағында кең таралмаған. 

"Бұл зерттеу Астанада ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының базасында ақылы негізде жүргізіледі. Сонымен қатар, республикалық орталықтар жағдайында балаларды емдеу және медициналық-генетикалық зерттеу жүргізу қажеттілігі кезінде баланың биоматериалы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен шетелдік зертханаларға зерттеуге жіберіледі. Қазір Министрлік диагностикалық зерттеудің бұл түрін қолжетімді ету мәселелерін пысықтап жатыр", - делінген жауапта.  

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!