Марат Әйтенов Дана Әтешованы не үшін үйден "қуып шыққанын" айтты

Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов "Barys Media"-ға берген сұхбатында "мені балаларыммен үйден күштеп қуып шықты" деген Дана Әтешованың даулы видеосындағы жағдай қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Марат Әйтенов бұрынғы әйеліне оннан аса ұсыныс жасағанын, алайда Дана Әтешова олардың ешбіреуін қабылдамағанын айтты.

"Бұл мәселе бейбіт жолмен шешілу керек еді. Ол жерде ешқандай заң бұзушылық әрекет болған жоқ. Ол пәтерге Дана өзі кіріп алған. Ал меншіктің иесі сотқа жүгініп, мүлікті босатып, өзінің заңды иесіне беру керек деген сот шешімін алып барған. Ол сот шешімі бұдан екі жыл бұрын шыққан болатын. Сол кезде Дана соттан 1 жыл уақыт беруін сұраған және 2023 жылы босатып беретінін айтқан. Сот оның өтінішіне құлақ асып, біраз уақыт берген. Оның арасында мен Данаға небір ұсыныстар жасадым. "Сендердің меншіктеріңде мынадай баспана бар, сол жерде тұрыңдар, сендерді далада қалдырмаймын, ұрыс-жанжалды қояйық" деп жанұялық достар және медиатор арқылы, сондай-ақ сот процестерінің аясында да бірнеше ұсыныстар жасадым. Есептесем, 10-нан аса түрлі ұсыныс жасаппын. Олардың біреуіне де ресми түрде немесе жазбаша түрде жауап берген жоқ. Мен оған не керек екенін түсінбедім. Жекеше сөйлескенде "менің атыма сол үйді қалдырасың, пәтерді де қалдырасың, мен оны жалға беріп, ақшасын алуым керек" деді, содан кейін бірнеше жоқ қаражаттарды сұрады және менің балаларымның атына жазасың деп түсініксіз нәрселер айтты", - дейді Марат Әйтенов.

Марат Әйтенов заң бойынша, Дана Әтешова үйді босату керек болғанын, алайда ол қарсыласқанын айтты.

"Кейін Дана Әтешова тағы да сотқа жүгініп, тағы бір жыл уақыт беруін сұраған. Алайда бұл жолы сот келісім бермеді. Содан соң ол прокуратураға жүгінді. Алайда қалалық прокуратура "бәрі заңды, меншік сіздікі емес, босатуыңыз керек" деген. Енді не үшін сол күні бүкіл туысқанын үйге жинап, балаларды сондай сынаққа салғанын білмеймін", - дейді ол.

Сондай-ақ Марат Әйтенов сол күні не үшін үйге барғанын айтып берді.

"1 жыл бұрын мен сотқа жүгініп, балаларымды көру уақытын бекітуге өтініш берген болатынмын. Сот шешімі бойынша, балаларым сабақ аяқталған кезде маусым айында бір ай менімен тұруы керек. Алайда оны да орындамады. Дәл сол күні менің балаларыммен кездесу тәртібін орнататын сот орындаушы хабарласып, "балаларыңызды алып кетіңіз, әкелік қамқорлық көрсетіңіз" деді. Мен сол мақсатта бардым. Алайда балаларымды ала алмадым. Дана "маған жолама" деді және түрлі балағат сөздер айтты. Мен кетіп қалдым. Шамамен жарты сағат өткен соң сот орындаушылары маған қайта қоңырау салды. "Балаларыңызды сіз қорғамағанда кім қорғайды, келіп, бір амалын тауып, балаларыңызды алып кетіп, қауіпсіз жерге апарыңыз" деп талап қойды. "Менің балаларымның тағдырын өздерің шешіңдер" деп қалай айтамын, қайтып келдім. "Пәтер бар, жүріңдер, жағдайларыңды жасап берейін "дедім. Оған да құлақ салған жоқ. Оған да келіскен жоқ, маған балағат сөздер айтты. Қызымды алайын десем, өз денесімен бөгет жасады", - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы бұрынғы әйелі мен үш баласын үйінен күштеп қуып шыққаны туралы видео тарап кетті. Кадрларда белгісіз ер адам Дана Әтешованы үйінен күштеп алып шығады. Кадр сыртында бұл Марат Әйтенов екені айтылады. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.

"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп, күш қолданғанда, бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - деп жазылған жазбада.
Дана Әтешова бұл жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Ал Астана полициясы Әйтенов отбасын үйінен қуып шыққан шулы видеодан кейін тергеу жүргізілгенін хабарлады. Кейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов ұсталды

Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды.

Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайға қатысты пікір білдіріп, балалар қорғауға алынғанын айтты

Дана Әтешова  Massaget.kz-ке сұхбат беріп, мәселенің мән-жайын айтып берген болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!