Жағымсыз иіспен күрес. Тершеңдіктен қалай арылуға болады?

Ыстық, белсенді физикалық жаттығулар, күйзеліс - мұның барлығы тершеңдікті ынталандыруы мүмкін. Кей жағдайда бұл киіміңіз су болып қалатын жай ғана жағымсыздық болуы да ықтимал. Сондай-ақ одан жағымсыз иіс шығып, проблема ушығып кетуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тершеңдіктің (гипергидроз) белгілері

Проблеманы анықтау қиын емес. Бұл кезде тер бөліну адамның күнделікті өміріне кедергі бола бастайды. Мысалы, қолтығыңыз терлеп қана қоймай, ол қол тұсына да шығып кетеді. Гипергидроз кезінде тер денеде білініп тұрады. Тері өзгеріп кетуі, қабыршақтануы мүмкін. Тері инфекциясының даму қаупі де артады. 

Гипергидроз емделмейді. Оны тудыратын проблемаларды шешу керек және оны бақылауда ұстауға болады. Ол үшін қарапайым қадамдарды жасау жеткілікті.

Тершеңдікпен қалай күресеміз?

Тершеңдікпен күресу құралын дұрыс таңдау маңызды. Антиперспиранттар мен дезодоранттар бар. Антиперспирант жағымсыз иісті кетіріп қана қоймай, тер бөлінуді азайтады. Мұндай құралды таңертең немесе кешке құрғақ теріге жағу керек. Оларды қатты терлейтін кез келген дене бөлігіне қолдануға болады. Мысалы, қолыңызға, тізенің артына және т.б.

Киімді мұқият таңдау керек. Ең дұрысы, табиғи маталарды, мысалы, мақта матаны таңдаған жөн. Сондай-ақ киімді тердің ізі мен иісінен қорғау үшін қосымша астар қолдануға болады. 

Аяғыңыз қатты терлейтін болса, аяқтан жағымсыз иіс шығып кетпес үшін күнде бір аяқ киім кие бермей, ауыстырып тұрған дұрыс. Сондай-ақ былғары секілді табиғи материал таңдау керек. Шұлықтың да табиғи мақтадан тігілген түріне мән беріңіз.

Сондай-ақ күнделік жазып жүрген жөн. Қандай күндері, не істегенде және не жегенде тер қалай бөлінгенін жазыңыз. Бұл тершеңдіктің себебін анықтауға және оның алдын алуға көмектеседі.

Тершеңдіктен арылу үшін дерматолог және эндокринолог мамандарына жүгіну керек.

Оқи отырыңыз: Тершеңдікті егу арқылы кетіруге болатынын білдіңіз бе? Косметолог маңызды сұрақтарға жауап берді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!