"90 пайыз күйік шалған". Ферроқорытпа зауытында зардап шеккен жұмыскердің ата-анасы сұхбат берді

Қарағандыда ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен қызметкердің бірінің жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Пештен жалын атқылаған сәтте жұмысшылар қашып үлгермеген. Сегіз адам түрлі дене жарақатын алды. Олардың алтауы қазір аса ауыр хәлде жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер қатты күйік шалғанын айтады. Астанадан білікті мамандар шақыртылып, тиісті медициналық көмек көрсетілген.

Жарақат алған жұмыскерлердің бірінің ата-анасы баласының жағдайы ауыр екенін, бірақ есін білетінін айтты.

"1999 жылғы ұлым. 2-3 жыл болды осында жұмыс істеп жатқанына. 90 пайыз күйік шалған деп жатыр. Есін біледі екен бастысы. "Дәрігерлер не айтады" деп аурухананы жағалап жүрміз. Кабинетте отырып жұмыс істейтін жігіттер қорғаныш киімін кимей сол жерде тұрған деп жатыр. Енді нақтысын білмеймін", - деді зардап шеккен Ерұлан Қазыкеннің әкесі.

Еске салайық, Желіде ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендердің видеосы тараған болатын. Кейінірек төтенше жағдайға қатысты жаңа мәлімет белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!