"Жастықпен тұншықтырдым". Қазақстандық психиатр екі баласын өлтірген әйелдің тергеу кезіндегі видеосына қатысты пікір білдірді

Фото: видеодан кадр

Желіде екі баласын өлтірген әйелдің жауап алу кезіндегі видеосы тарап, қызу талқыға түсті. Осыған қатысты Massaget.kz тілшісі ҚР ДСМ "Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының" халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ринат Музафаровтың пікірін білді.

Видеодағы әйел - өз балаларын тұншықтырып өлтірген Қызылорда облысының тұрғыны. Бұл оқиға 7 ақпанда болды. Бастауыш сынып мұғалімі Хамитқызы Бота екі баласын алып, Түркістанға кетіп қалған. Ол жақтан пәтер жалдап, 3 және 4 жастағы балаларын тұншықтырып өлтірген. Содан соң Шымкентке қашып кеткен. Оны қонақүйлердің бірінен ұстады. Сараптама бойынша, әйелдің психикалық ауытқуы жоқ екені анықталды. Маусымның соңында әйелге 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Ринат Музафаров әйел қандай да бір ем алып жүргендіктен, ол видеода қорқынышты жайт жайлы еш эмоциясыз айтып отырған болуы мүмкін.

"Видеода әйел болған жайт жайлы айтып отыр. Менің түсінуім бойынша, тергеушінің сұрағына жауап беріп отыр. Иә, ол шынымен де болған жайтты тым байсалды айтып беріп отыр. Алайда ол тергеуші қойған сұрақтарға жауап беріп қана отыр. Ода не үшін қандай да бір эмоционалды реакция жоқ? Мен ол жайлы не айтарымды да білмеймін. Себебі оған кәсіби түрде баға беру үшін мен бұл жайлы толық білуім керек. Оның қашан және қалай болғанын, одан кейін не болғанын және қанша уақыт өткенін, видеодағы тергеу қанша уақыт өткен соң түсірілгенін білуім керек. Жалпы маман ретінде баға беруім үшін бұл әйелмен өзім сөйлесіп көруім керек. Біз бір видеоға қарап, адамның психикалық жағдайын бағалай алмаймыз. Оның ауыр қылмыс жасағанын білмесек, бұл адам сау секілді көрінеді. Себебі ол өзін адекватты ұстап отыр және қойылған сұрақтарға рет-ретімен жауап беріп отыр. Бірақ біз оның ауыр қылмыс жасағанын, балаларын тұншықтырғанын біліп отырмыз. Не үшін оны еш эмоциясыз айтып отыр? Белгісіз, алайда қандай да бір ем алып жүрген болуы да мүмкін", - деді психиатр Ринат Музафаров.

Еске салайық, Алматыда 24 маусымда әйел аттракционнан секіріп, қаза тапты. Бұл туралы куәгерлер әлеуметтік желіде хабарлап, оқиға орнынан видео таратты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен әйелдің жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын хабарлады. Кейін әйел өз-өзіне қол жұмсамас бұрын қызын үйінде тұншықтырып өлтіргені белгілі болды.

Оған дейін, 24 наурызда Ақтауда үш баласын өлтірді деген күдікпен олардың әкесі ұсталған болатын. Ақтаудағы 27-шағынауданда орналасқан пәтерден зорлықпен өлім белгілері бар күйінде жасөспірімдер табылған. 2011, 2014 және 2016 жылы туған кәмелетке толмағандарды өлтірді деген күдік бойынша полиция қызметкерлері 36 жастағы әкесін ұстады. 

Жақыныңның психикалық проблемасы бар екенін қалай білуге болады?

Психикалық бұзылыстардың түрі өте көп және олар әртүрлі білінеді. Олар әр адамда әрқалай байқалуы мүмкін. Десе де, Ринат Музафаров аса мән беру керек белгіні атады.

"Психикалық бұзылыстың басталып келе жатырғанын көрсететін сыртқы белгілерінің бірі - адамның әрекетінің еш себепсіз өзгеруі. Мысалы, адамның еш себепсіз дінге қызығушылығы оянды немесе керісінше, бұрын жүйелі түрде жасап жүрген рәсімдерін істемей кетті. Адам тұйық болып кетуі, айналасындағы адамдармен араласпай кетуі немесе керісінше, көпшіл болып кетуі немесе агрессивті әрекеттері пайда болуы мүмкін", - деді психиатр.

Адамның себепсіз өзгеруі психикалық саулық бойынша мамандарға (психолог, психотерапевт, психиатр) қаралуды қажет етеді.

Ананы баласын өлтіруге не итермелейді?

"Анасының баласын өлтіруі, әдетте, адамның негізгі туа біткен инстинкттерінің шегінен шығып кетеді. Сәйкесінше, бұл әрекет қалыпты нәрсе емес. Десе де, бұл әрекеттің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Ананың баласын не үшін өлтіргеніне кәсіби тұрғыда жауап беру үшін кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу қажет. Сол кезде сарапшыларға тергеу протоколдары бар істің материалдары және медициналық құжаттама секілді басқа да құжаттар беріледі. Осы құжаттарды тексеріп, адаммен сөйлесу арқылы оның құқық бұзушылық сәтіндегі және тексеріс кезіндегі психикалық жағдайы орнатылады", - дейді маман.

Мұндай жағдайлардың қалай алдын алуға болады?

Психиатрдың айтуынша, аналардың баласын өлтіру жағдайларының алдын алу үшін ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыстар жүргізілуі тиіс.

"Инфантицидтің алдын алуда және қауіпсіз қоғам құруда қоғамның назары, мемлекеттік қолдау және ана мен бала күтімі мәдениетін дамыту шешуші рөл атқарады. Және бұл мәселелерді шешу барлық мүдделі тараптардың белсенді ведомствоаралық өзара әрекеттесуі кезінде жүзеге асырылуы тиіс.

Бұл әйелдердің сауаттылығын арттыру, әлеуметтік қолдау және, әрине, уақтылы медициналық көмек көрсетуді қажет етеді. Мен барлық адамды тұрақсыз эмоционалды жағдайдың алғашқы көріністерінде мамандардан көмек сұрауға шақырамын", - деп кеңес берді маман.

Көпшілік психиатр маманына қаралса, "мені есепке тұрғызады" деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл олай емес.

"Психикалық денсаулық маманына жүгіну психиатрдың міндетті есебіне тіркелу деген сөз емес. Заңнамаға сәйкес динамикалық бақылау (есеп) ауыр, тұрақты, жиі шиеленісетін ауыр көріністері бар созылмалы немесе ұзаққа созылған бұзылудан зардап шегетін адамға белгіленуі мүмкін", - дейді Ринат Музафаров.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова